Заңсыз кредит беріп, жұртты қарызға батырған қазақстандық ұсталды

Сағыныш Сардарова 24 сәу. 2025 09:44 361

Қостанай облысында заңсыз микроқаржы қызметін атқару дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Күдікті 2020 жылдан бастап тиісті лицензиясыз азаматтарға пайызбен және мүлік кепілдігімен танымал сайт және Instagram қосымшасы арқылы қарыз берген. Келісімшарт жасасу кезінде несиелік мәмілені заңды етіп көрсету үшін ол қарыз сомасын шын мәніндегі сомадан әлдеқайда көп етіп көрсеткен. Себебі бұл сомаға жылдық 100%-ға дейін баратын алдын ала есептелген сыйақы енгізілген.

Осылайша күдікті жалпы көлемі 100 млн теңгеден аса қаражатты қарызға берген.

Агенттік мәліметіне сүйенсек, оның заңсыз әрекеттері салдарынан қарапайым азаматтардың құқығы мен мүддесі бұзылған. Олар қарыз алудың тиімсіз әрі ауыр шарттарының құрбанына айналған. Шұғыл түрде ақшалай көмек іздеген олар жоғары пайыздық мөлшерлемесі бар қаржылық тұзаққа түскен.

Заңсыз жолмен алынған табыстың көзін жасыру үшін күдікті бұл іске таныс бухгалтерді тартқан. Олар ақшаны жылыстатудың схемасын жасап, табысты көлік жөндеу қызметімен айналысатын кәсіпорынның заңды кірісі ретінде көрсеткен.

"Ол үшін күдікті жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, шын мәнінде жұмыс істемейтін көлік жөндеу станциясының атынан фискалдық чектер шығарып отырған. Нәтижесінде күдікті заңсыз қызметінен түскен 60,6 млн теңгеден аса кірісті заңдастырған", - деп жазылған хабарламада.

Сот санкциясымен оның пәтеріне және банк шоттарындағы 28 млн теңге сомасындағы қаражатқа тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар