Жәнібек Ширазды емес, оның белбеуін көздеп отыр: жекпе-жек 3 қыркүйекке дейін шешілуі мүмкін

Жәнібек Ширазды емес, оның белбеуін көздеп отыр: жекпе-жек 3 қыркүйекке дейін шешілуі мүмкін
Ашық дереккөз

Жәнібек Әлімханұлы Хамза Ширазбен жекпе-жекке қатысты нақты мақсатын айтып, британдық боксшының өзі емес, оның WBO чемпиондық белбеуі қызықтыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Ол мені қызықтырмайды! Ол – танымал емес боксшы! Ол маған ештеңе бермейді. Маған тек титул керек. Содан кейін WBC мен WBO белбеулері үшін жекпе-жек! Бұл Жәнібек пен Канелоның айқасы болады», – деді Әлімханұлы. 

Қазір Жәнібек Әлімханұлының кәсіби рекорды 17 жеңіс, оның 12-сі нокаутпен, жеңіліссіз. Ол биыл орта салмақтан екінші орта салмаққа көтеріліп, WBO нұсқасы бойынша осы дивизиондағы чемпиондық белбеуге міндетті үміткер атанды. 

WBO Хамза Ширазға чемпиондық титулын Әлімханұлымен жекпе-жекте қорғауды міндеттеді. Ұйым екі тарапқа келіссөз жүргізу үшін 20 күн уақыт берді, мерзім 3 қыркүйекте аяқталады. Егер келісімге қол жеткізілмесе, жекпе-жек промоутерлік саудаға шығарылуы мүмкін. 

Алайда британдық боксшы бұл жекпе-жекке қарсы. Шираз WBO шешімін қатты сынап, Әлімханұлының допинг сынамасына байланысты бұрын дисквалификацияланғанын алға тартты. Британдық спортшы тіпті титулдан бас тартып, белбеуді бос қалдыру нұсқасын қарастырып отырғанын мәлімдеді. 

Шираздың айтуынша, WBO шешімі спорттың адалдығына қайшы. Ол ұйымның Әлімханұлына міндетті үміткер мәртебесін беруін «бокс үшін масқара» деп бағалаған. 

Жәнібек тарапы болса, британдық боксшының әрекетін жекпе-жекке шығуға құлықсыздықпен байланыстырады. Қазақстандық боксшының менеджері Берік Сұлтан Әлімханұлының WBO шешіміне сәйкес заңды түрде міндетті үміткер екенін айтып, Шираздың командасы жекпе-жектен қашуға тырысып отыр деген пікір білдірген. 

Бұған дейін Әлімханұлы жекпе-жекті Нью-Йоркте өткізгісі келетінін де айтқан. Оның пікірінше, қалада қазақ жанкүйерлері көп болғандықтан, арена толығымен оның жанкүйерлеріне толуы мүмкін. 

Егер Шираз белбеуден бас тартса, Жәнібекке басқа қарсылас тағайындалуы мүмкін. Қазір WBO рейтингінде жоғары тұрған Диего Пачеко, Джейкоб Бэнк және Кевин Леле Саджо сияқты боксшылар ықтимал кандидаттар ретінде қарастырылып жатыр. 

Ал Әлімханұлының жоспары өзгермеген: алдымен WBO белбеуін иелену, содан кейін WBC титулы үшін Сауль «Канело» Альвареспен үлкен жекпе-жек өткізу. Оның қазіргі мәлімдемесіне қарағанда, Шираз бұл жолдағы басты мақсат емес, чемпиондық белбеуге апаратын қарсылас қана.