Жангелдиндегі отбасы өлімі: Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты жаңа дерек айтылды

Жангелдиндегі отбасы өлімі: Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты жаңа дерек айтылды
ашық дереккөзден

Атырау облысы Жангелдин ауылында бір отбасының қазасына байланысты тергеліп жатқан іс бойынша жаңа мәлімет жарияланды. Тергеу деректеріне сәйкес, Сұлтан Сәрсемалиевтің әйелі, марқұмдардың қызы әрі бауыры саналатын Ақбаян Мұқанғалиеваның адам өлтіру дерегіне қатысы анықталмаған, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, тергеу барысында Мұқанғалиеваның кісі өлтіру фактісіне қатысы барын дәлелдейтін мәлімет табылмаған.

"Өлтіру фактісіне қатысы болмағандықтан, оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Ал қылмысты хабарламау дерегі бойынша бөлек іс тіркелді. Бірақ ол бойынша әзірге құқықтық баға берілген жоқ. Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекеті күдікті ретінде сараланған жоқ. Оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылмады", – деді Жандар Болатбек.

Прокурор өкілінің сөзінше, Алматыда Ақбаян Мұқанғалиеваның психикалық жағдайына қатысты сараптама жүргізілген. Дегенмен оның қорытындысы прокуратураға әлі келіп түспеген.

"Сараптама қорытындысы дайын болды деген ақпарат бар. Бірақ біз оны әлі алған жоқпыз. Қорытынды түскеннен кейін зерделенеді. Қажет болған жағдайда қосымша сараптама тағайындалуы мүмкін", – деді облыс прокурорының көмекшісі.

Осыған байланысты Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекетіне нақты құқықтық баға оның психикалық жай-күйіне қатысты сараптама нәтижесі толық қаралғаннан кейін беріледі.