Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов қоғамдағы өткір мәселені көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Кейінгі уақытта еліміздің түрлі өңірінде мектеп оқушыларының мектеп аумағынан, сабақтан тыс уақытта, демалыс, каникул кезінде жасаған құқықбұзушылықтары үшін мектеп директорлары мен оқу бөлімінің меңгерушілерін тәртіптік жазаға тарту немесе жұмыстан шығару көбейіп барады. Бұл өте алаңдатарлық үрдіс деп санаймыз. Өйткені мектеп басшылығы тек оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға жауапты екенін бәріміз жақсы білеміз. Ал сабақтан тыс уақытта немесе демалыс кезінде болған оқиғалар үшін оларды жазалау әділетсіздік", - дейді ол.
Депутаттың айтуынша, мәселе ауылдық елді мекендерде қатты ушығып тұр.
"Бүгінде ауыл мектептерінде директор және оқу бөлімінің меңгерушісі лауазымдарына үміткер табу қиын. "Ертең мен де жұмыстан шығып қаламын ба? Негізсіз жауапкершілікке тартыламын ба?" деген қорқыныш мұғалімдер мен басшылардың арасында күнделікті қалыпты жағдайға айналды. Біздің көтеріп отырған мәселеміз тек кадр мәселесі емес, бұл - ауыл мектебінің тағдыры туралы мәселе. Егер ауыл мектебінде білікті басшы болмаса - ауыл балаларының болашағына да қауіп төнеді деген сөз", - дейді ол.
Ерболат Саурықов бұл жағдайда заңнамалық тұрғыдан реттеу қажет екенін жеткізді.
"Мектеп директорлары мен меңгерушілерді мектептен тыс уақытта, демалыс немесе каникул кезіндегі оқиғалар үшін жұмыстан босату заңға да, логикаға да қайшы келеді. Біздің ойымызша, бұл мәселені шешуде халықаралық тәжірибеге де назар аудару қажет. Барлық дамыған елде мектеп басшылары тек оқу процесі мен ресми мектеп іс-шаралары аясында жауап береді. Басқа жағдайларда ата-аналар толық жауапты. Бұл – әділетті және тиімді тәсіл", - деп түйіндеді депутат.