Оның айтуынша, заң жобасының екінші бағыты лицензиялау жүйесін жаңғыртуға және банк нарығына қолжетімділікті оңтайландыруға арналған.
"Бұл блоктағы негізгі бастама базалық банктік лицензияны енгізу болып табылады, бұл жаңа қатысушылардың пайда болуына және сектордағы бәсекелестіктің күшеюіне ықпал ететін неғұрлым икемді реттеу жағдайларын тудырады. Базалық лицензия әмбебап лицензиядан рұқсат етілген операциялардың көлемі бойынша да, реттеуші талаптар бойынша да ерекшеленеді. Атап айтқанда, активтердің ең жоғары мөлшері бойынша шектеулер 500 млрд теңге деңгейінде белгіленеді. Базалық лицензиясы бар банктер үшін капиталдың ең төменгі мөлшері 10 млрд теңгені құрайды, ал әмбебап банктер үшін бұл шек 20 млрд теңгеге дейін өседі. Сондай-ақ тәуекелдерді басқару және есеп беру жүйесіне қойылатын талаптар азаяды, қадағалау жүктемесі төмендейді, бұл ретте тұрақтылықтың негізгі қағидаттары сақталады", - деді Олжас Қизатов.
Сонымен қатар, Қизатовтың айтуынша, тәуекелдерді шектеу үшін базалық банктерге резидент еместерге несиелер мен өзге де кредиттік өнімдер беруге, сондай-ақ банкпен ерекше қатынастағы тұлғаларға қарыздар беруге тыйым салынады.
"Бұдан бөлек, жеке тұлғалардың мерзімді және жинақ салымдарының жиынтық мөлшеріне шектеу енгізіледі: 10 млн теңгеден аспауы тиіс. Сондай-ақ күрделі немесе жоғары тәуекелді қаржы құралдары бойынша брокерлік және дилерлік операцияларға байланысты қызметке тыйым салынады", - дейді ол.
Ол базалық лицензияның негізгі әлеуетті пайдаланушыларының бірі бизнесті кеңейтуге және халық пен бизнестен депозиттер тарту құқығын алуға ниетті микроқаржы ұйымдары болып табылатынын атап өтті. Бүгінгі таңда 12 МҚҰ-ның капиталы 10 млрд теңгеден асады, ал олардың екеуі — ҚМФ және "БиЭнКей Финанс Казахстан" екінші деңгейдегі банкке айналуға рұқсат алған.