Freedom Inside '26

Жанармай тапшылығына негіз жоқ – Ақкенженов

Жанармай тапшылығына негіз жоқ – Ақкенженов
pixabay.com

Қазақстанда Ресейдегі жанармайға қатысты қиындықтарға қарамастан бензин мен дизель отынының тапшылығы күтілмейді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта елдегі жанармай қоры ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткілікті.

«Қазір бензин мен дизель отынының қоры 30 күннен асады. Нақты айтсақ, 36 күнге жетеді. Сондықтан бүгінгі таңда жанармай тапшылығына қатысты ешқандай мәселе жоқ деп сенімді түрде айта аламыз», – деді министр.

Ақкенженов жаз мезгілінде мұнай өнімдерін тұтыну көлемі дәстүрлі түрде артатынын атап өтті. Оның сөзінше, министрлік мұндай кезеңге алдын ала дайындалып келеді.

«Біз бұған дайындалдық. Соңғы үш жыл бойы осындай тұтыну өсіміне дайындалып келеміз. Әсіресе жазғы маусым мен демалыс кезеңінде жанармайға сұраныс артатынын жақсы түсінеміз. Сондықтан қажетті қор алдын ала жасалады», – деді ол.

Министр Ресейдегі жанармай нарығындағы жағдайдан ведомствоның хабардар екенін айтты. Дегенмен Қазақстан шекарасында қосымша шектеулер енгізу немесе бақылауды күшейту әзірге жоспарланып отырған жоқ.

«Қазіргі таңда бақылау жеткілікті деңгейде жүргізілуде. Сондықтан сыртқы шекараларда бақылауды күшейту мәселесі қаралып жатқан жоқ. Біз Қазақстан Республикасының сыртқы шекараларында бақылауды қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз», – деді Ерлан Ақкенженов.

Бұған дейін Ресейдің бірқатар өңірінде жанармай жеткізуге қатысты қиындықтар байқалғаны хабарланған болатын. Осыған байланысты қазақстандықтар арасында елде бензин тапшылығы болуы мүмкін деген алаңдаушылық туындаған еді.