Жаңа оқу жылында Ақтөбе өңірінде 5 630 оқушыға шақталған жеті жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Оның төртеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақтөбе қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша салынған жаңа мектептер Алтын Орда ықшам ауданы және Оңтүстік-Батыс-2 тұрғын алабында ашылады. Сондай-ақ Темір ауданындағы Кеңқияқ пен Шұбарқұдық елді мекендерінде тағы екі мектеп оқушыларды қабылдайды.
Биылғы оқу жылында балаларды қабылдауға дайын мектептердің бірі – Алтын Орда шағын ауданындағы №81 жалпы білім беретін мектеп. 900 оқушыға арналған білім ордасы 1 қыркүйекте алғашқы шәкірттеріне есік ашады.

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектепте Ашық есік күні өтті. Іс-шара барысында ата-аналар мен болашақ оқушылар оқу кабинеттерін, зертханалар мен мектептегі басқа да нысандарды аралап, олардың мүмкіндіктерімен танысты.
Білім ордасында STEM және робототехника, информатика, химия, биология, физика, география, тілдер мен математика кабинеттері жабдықталған. Сонымен қатар шеберханалар, кітапхана, акт залы, хореография және спорт залдары қарастырылған.
Мектеп ғимаратының жалпы аумағы 13 299 шаршы метр. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 101 цифрлық бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 78-і ғимараттың ішінде, 23-і мектеп аумағында орналасқан. Мұнда 250 оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттамақ.
Ұлттық жоба аясында бой көтерген тағы бір білім ордасы – Оңтүстік-Батыс-2 тұрғын алабындағы №87 жалпы білім беретін мектеп. 300 оқушыға шақталған мектепке жаңа оқу жылында №10 мектептен ауысу тәртібімен 290 оқушы қабылданады.

Мектепте оқушыларға заманауи білім алуға қажетті жағдай жасалған. Мұнда STEM, робототехника, биология, химия, физика және информатика кабинеттері, сондай-ақ бастауыш сыныптар, технология, тарих, география, математика және алғашқы әскери дайындық пәндеріне арналған оқу кабинеттері бар.
Ашық есік күні барысында ата-аналар мен оқушылар мектептің инфрақұрылымы және материалдық-техникалық базасымен танысты.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған төрт мектептен бөлек, жаңа оқу жылына дейін облыста тағы үш жалпы білім беретін мектеп халық игілігіне беріледі. Жаңа білім ошақтарының іске қосылуы оқушы орындарының санын арттырып, халық саны өсіп келе жатқан елді мекендер мен тұрғын алаптарда заманауи білім беру инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе облысында 2023–2026 жылдары жалпы сыйымдылығы 11 400 орындық 14 мектептің құрылысы аяқталды.