Конституциялық сот ер азаматтың өтінішін қарауға шешім қабылдады. Ол әкімшілік қамау шарасын қолданудағы ерлерге қатысты әділетсіздікке шағымданған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әкімшілік кодекстің 50-бабы, 2-бөлігіне сәйкес, әкімшілік қамау жүкті әйелдерге, 14 жасқа дейінгі баласы бар аналарға, кәмелетке толмағандарға, І және ІІ топ мүгедектеріне, 58 жастан асқан әйелдерге, 63 жастан асқан ерлерге, сондай-ақ 14 жасқа дейінгі баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған әкелерге қолданылмайды.
Арызданушы бұл норма Конституцияның 14-бабына қайшы деп есептейді. Өйткені заң әйелдерге жеңілдік жасап, ерлерді шектейді: аналар баласы бар болса қамаудан босатылады, ал әкелер тек жалғыз ата-ана болған жағдайда ғана жеңілдікке ие.
"Тексеру барысы мен нәтижесі туралы ақпарат Конституциялық соттың ресми сайтында және Telegram-арнасында жарияланады", – делінген соттың хабарламасында.