Жалған инвестицияға сенген ақмолалық әйел 10 миллион теңгесінен айырылды

Жалған инвестицияға сенген ақмолалық әйел 10 миллион теңгесінен айырылды
Фото: ЖИ

Ақмола облысында жалған инвестицияға сенген әйел 10 миллион теңгеден астам ақшасынан айырылды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Полиция мәліметінше, Сандықтау ауданының тұрғыны интернеттегі инвестициялық платформаға тіркелгеннен кейін өзін "қаржы кеңесшісі" деп таныстырған адамдармен байланысқа шыққан. Олар әйелге салған қаражатын еселеп қайтаруға уәде беріп, ақша аударуға көндірген.

Жәбірленуші мамыр мен шілде аралығында алаяқтардың айтқанын орындап, екі рет несие рәсімдеген. Бұған қоса таныстарынан қарыз алып, қолындағы барлық жинағын да инвестицияға салған. Нәтижесінде күмәнді платформаға жалпы сомасы 10,2 миллион теңгеден астам қаражат аударған.

Бір айдан кейін ғана әйел табыс табудың орнына алаяқтардың арбауына түскенін түсініп, полицияға арызданған.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.