Жалақы кешіксе, жұмыс беруші өтемақы төлеуге міндетті

Жалақы кешіксе, жұмыс беруші өтемақы төлеуге міндетті
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда жұмыс беруші жалақыны кешіктірген әрбір күн үшін қызметкерге өсімпұл төлеуге міндетті. Яғни, берешекті жай ғана өтеу жеткіліксіз, деп хабарлайды dalanews.kz.

Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, қызметкерге тек еңбекақысы ғана емес, жалақы кешіктірілген бүкіл кезең үшін өсімпұл да төленуі тиіс. Бұл талап жалақыны уақытында төлемеген жұмыс берушілерге қосымша қаржылық жауапкершілік жүктейді.

Өсімпұл мөлшері төлем жасалған күнгі Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген көлемі негізінде есептеледі. Ол жалақы төленуі тиіс күннен кейінгі күннен бастап нақты төлем жүргізілген күнге дейін, демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, барлық күнтізбелік күн үшін есептеледі.

Жалақы қашан төленуі керек?

Қазақстан заңнамасына сәйкес, жалақы айына кемінде бір рет және келесі айдың 10-күнінен кешіктірілмей төленуі тиіс. Нақты төлем күні еңбек немесе ұжымдық шартта көрсетіледі. Егер белгіленген күн демалыс немесе мереке күніне сәйкес келсе, жалақы алдын ала төленуі қажет. Сонымен қатар, шартта көрсетілген мерзім заңдағы соңғы мерзімнен ертерек болса, жұмыс беруші төлемді кейінге қалдыра алмайды.

Қарыз бен өсімпұлды қалай талап етуге болады?

Алдымен қызметкер жұмыс берушіден жалақы бойынша берешекті және өсімпұлды төлеуді талап ете алады. Егер мәселе шешілмесе, жұмыс беруші орналасқан өңірдегі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне немесе eOtinish платформасы арқылы шағым беруге болады.

Өтінішке еңбек қатынастарын және төлемнің жүргізілмегенін дәлелдейтін құжаттарды қоса тіркеу ұсынылады. Олардың қатарында еңбек шарты, есеп айырысу парақтары, банк үзінділері, бұйрықтар және басқа да құжаттар болуы мүмкін.

Инспекторлар тексеру жүргізіп, жалақы бойынша қарыз расталған жағдайда, жұмыс берушіге заң бұзушылықты жою туралы міндетті нұсқама береді. Оның орындалуы бақылауда болады.

Жұмыс берушіге айыппұл да салынады

Жалақыны уақытында төлемегені немесе өсімпұлды есептемей, төлемегені үшін жұмыс берушілерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Айыппұл мөлшері:

  • лауазымды тұлғаларға – 30 АЕК;
  • шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК;
  • орта бизнес субъектілеріне – 100 АЕК;
  • ірі бизнес субъектілеріне – 150 АЕК.

Мамандардың айтуынша, өсімпұл мен әкімшілік айыппұлдың айырмашылығын ескерген жөн. Өсімпұл қызметкерге төленсе, әкімшілік айыппұл мемлекет пайдасына өндіріліп алынады.