Зайсан жағалауына қоқыс көмген кәсіпкерлер айыппұл арқалады

Зайсан жағалауына қоқыс көмген кәсіпкерлер айыппұл арқалады
Фото: Михаил Козачковтың телеграм арнасынан

Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көлінің жағалауында демалыс орнын ұйымдастырған кәсіпкерлер қоқысты арнайы шұңқырларға көміп келген. Мәселе қоғам назарын аударғаннан кейін аумақ тазартылып, кәсіп иелеріне айыппұл салынды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, осы аптада Жанна есімді тұрғын Threads әлеуметтік желісінде Зайсан көлінің жағасынан түсірілген бейнежазбаларды жариялаған. Кадрлардан демалыс аумағына киіз үйлер тігілгенін, ал жиналған қоқыстың үлкен шұңқырларға көмілгенін көруге болады.

Бейнежазба әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарына тарағаннан кейін мәселеге жергілікті билік назар аударған.

"Нәтижесінде кеше оқиға орнына арнайы техника жеткізілді. Көмілген қоқыстың бәрі қайта қазып алынып, шұңқырлар жабылды. Ал кәсіп иелеріне айыппұл салынды", - деп жазды журналист.

Михаил Козачков бұл жағдайды қоғамның белсенділігі нақты нәтижеге жеткізген жақсы жаңалық екенін атап өтті.