Түркістан облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары Ілияс Досқожаев пен облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшылығы Түркістан жеріне Израиль елінен арнайы келген халықаралық компания өкілдерімен кездесіп, қос тарап екі жаққа да тиімді келісімге келді.
Шетелдіктердің облыстың аграрлық саласына инвестиция құямыз деген ниеті құпталды.
QazaqBioProduct компаниясы израильдік серіктестермен бірлесе отырып, қызанақ, қияр, қарбыз, қауын, салат көшеттерін өсіретін жылыжай салу жобасын жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруда.
Басқосуда шетелдік ірі компанияның бүгінгі өркениет талаптарына сай келетін жаңа технологияларына және оның тиімділігіне баса назар аударылды. Жылыжайға бақша дақылдарын өсіру барысында израильдік озық технологиялар пайдаланылады.
Биыл Түркістан облысының егіс көлемі 851 000 гектарға жетті. Қосымша 26 гектарға жылыжайлар салынып, республикадағы үлесі 71%-ды құрап, алаңы 1,5 мың гектарға жетті.
«Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 8 400 гектарға 3 000 жоба жүзеге асырылып, 145 500 тонна көкөніс өнімі жиналды. Жалпы 3,1 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналады. Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында құны 34,3 млрд. теңге құрайтын 5 серпінді ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Жалпы жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнім көлемі 1 трлн. теңгеге жеткізілетін болады.