Интерпол алғаш рет Қазақстандағы “Активтерді қайтару туралы” заңға іліккен тұлғалардың бірімен байланысты активтер бойынша “Күміс хабарлама” таратты. Бұл туралы Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Активтерді іздеу және қайтарудың жаңа тетігін енгізу жөніндегі пилоттық жоба аясында Интерпол Қазақстан Республикасының алғашқы “Күміс хабарламасын” жариялады. Құжат аталған заң субъектілерінің бірімен байланысы бар тұлғаның активтері жөнінде ақпарат алу үшін жолданды”, – делінген ресми хабарламада.
Комитеттің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан Интерполдың осы пилоттық жобасын жүзеге асыратын жұмыс тобының құрамына кірген. Қазір бұл бастамаға Ұлыбритания, Испания, Италия, Қатар, Қытай, Кувейт, Мальта, Нидерланды, БАӘ, Польша, Португалия, Ресей, Сингапур, АҚШ, Франция, Швеция және өзге де елдерді қосқанда 50-ден астам мемлекет қатысуда.
Жаңа тетік Интерполға мүше 196 елдің арасында заңсыз иемденілген активтер жөнінде ақпарат алмасуға жол ашады. Оның көмегімен қозғалатын және қозғалмайтын мүлік, қаржы қаражаттары сияқты активтердің қозғалысын бақылауға, олардың нақты иесін анықтап, заңсыз жолмен табылғанын дәлелдеуге мүмкіндік бар.
Бұған дейін Интерпол негізінен іздеуде жүрген адамдарға қатысты ақпарат жинаса, енді заңсыз активтердің тағдырына да ерекше көңіл бөлінуде. Осылайша күмәнді активтерге әлемнің кез келген жерінде құқықтық ықпал етуге жол ашылады.
Активтерді қайтару комитеті халықаралық бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде күшейтіп, заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтарудың тиімді тетіктерін жетілдіріп келеді.