Интернеттік сауданы игергендер көш бастайды

Dalanews 06 шіл. 2015 23:57 839

Дәл қазіргі уақытта әлемдегі төрт үлкен трендтің бірі – интернет-сауда жасау әдісі. Көптеген елде қара базардың күні өтіп барады. АҚШ жастарының 64 пайызы тек интернет арқылы сауда жасап, өзінің бизнесін дөңгелетіп жүр. Осы саланы жетік меңгергендердің ішінде әлемдік экономиканың даму бағытына әсер етіп отырған алпауыттар шоғыры да жетерлік. Қазақстанға ғаламтор арқылы кәсібін дамытып, сауда жасау, бизнес ашу ұғымы енді келе бастады. Мұнда да орыстілді ортаның аяқ алысы жылдам. Бұл саланың қыр-сырын үйрететін бизнес-тренингтердің бәрі тек сол тілде өтеді. Белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила ғана сол сеңді бұзып, тұңғыш рет қазақ тілінде бизнес-тренинг өткізуді қолға алғалы біраз уақыт болды. Газетімізде бұған дейін де шағын сұхбатын жариялап, тұщымды ойларын ұсынған болатынбыз. Төмендегі қысқа-нұсқа әңгімеден де біраз жайдың хабарын білуге болады.  

– "Бизнес-Бастау" жобасын қолға ағаныңызға біраз уақыт болды. Елдің ықыласы қалай?

– Міне, үш айдың жүзі болып қалды. Шүкір, жаман емес. Осындай бизнес тренингте аңсап, білімге сусап жүрген жандарға дөп келді. Бірақ, олар өте көп емес.  Сол келгендермен жұмыс жасап жатырмыз. Ептеп нәтижеге жеткендері де бар.  Табанды, жігерлілерінің, әрине. Қалған жұрт алдыңғы топ қандай нәтижеге жетер екен деп байқастап отыр. Ол заңды да.  Кейбір тренингтерден ауыздары күйген адамдар бар. Сондай-ақ, қазақ тілінде тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқандықтан, халық әлі  Бизнес-треннигтің не екенін, қандай нәтиже беретінін көріп, біле қойған жоқ. Алғашқы топтағылар істерін бастап, табыс таба бастаған соң қалған жұрт та қозғалады ғой деген ойдамын

– Алматыдан бөлек, Астана, Қызылорда, Атырау секілді бірнеше қалаға барып келдіңіз. Өзге аймақтардағы жұртшылық Сіздің бастамаңызды қалай қабылдап жатыр?

– Жоғарыдағыдай. Атырау сабырмен және салқынқандылықпен, Кызылорда байқастап отыр. Шымкенттік кәсіпкерлер белсендірек. Кейде осыған қарап, облыстардағы бизнес дамуының деңгейін де білуге болатын секілді. Бәсеке күшті, шағын бизнес дамыған қалаларда бизнес-тренингтерге сұраныс жоғары болады, әдетте.

– Бастамаңызда "дайын бизнеске ие болу" дегенді айтып жүрсіз. Осыны тарқатып айтасыз ба? Қандай көмек көрсетесіздер?

– “Дайын бизнес” деген дайын тамақ сияқты. Қасық пен шанышқы ғана керек, пышақ пен қазан-ошақ іздеп керегі жоқ...

Қалжыңсыз айтар болсақ, бұл пәленбай жыл бұрын ойлап табылған, Еуропа мен Америкада кең тараған Франшиза жүйесі.  Ол – бір адам бір бизнесті ойлап тауып, нарықты зерттеп, жарнамасын жолға қойып болған соң, бизнесін басқа өңірлерге тарату әдісі.  Мысалға «Макдональдс», «KFC » деген  атақты маркаларды бәріміз білеміз.  Солар  осы әдіспен әлемге тарап кетті. Пайдалы жағы: бұл жолға қойылған бизнес, онымен серіктес болған адамның көп нәрсеге басы қатпайды. Сатылым болады ма, бизнесті қалай жүргізу керек деген ең басты сұрақтар өзінен өзі шешіледі.  Бизнесті енді бастаймын деген көптеген адамдар оның қыр-сырын меңгергенше көптеген уақыт кетеді және әркімнің қолынан келе де бермейді.  Сондықтан біз қазір халыққа, осы уақытқа ең керек жүйе осы ма деп шештік.  Біздің шәкірттеріміздің арасынан талабы мен білімі молдарының бизнестерін осылай көлемін үлкейтіп, өзге қалаларға таратып жатырмыз. Алла қаласа, алдағы бірер айда өз нәтижесін көрсетеді.

– Шетелдерден әріптес табу үшін Түркия, Қытай елдеріндегі қазақтармен қарым-қатынас орнатқаныңызды білеміз. Өзге елдегі қандастарымыздың Сіздің бастамаңызға қолұшын беруге әзірліктері қалай екен?

– Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай елдеріндегі қандастарымызбен тығыз байланыс орнатуға тырысып жатырмыз.   Бірден бастап, тауға шығып кете қою, әрине, оңай емес, дегенмен сең қозғалды десе болады. Бәрі өз жүлгесіне түскен соң жемісін шет елде жүрген қандастар да, біз де көре жатармыз деген сенімдеміз

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар