Индонезияда екі қазақстандық өлім жазасына кесілуі мүмкін: елдегі заң мен экс-дипломаттың ойы

Көркем Алдабергенова 26 мау. 2025 12:00

Индонезияда екі қазақстандық өлім жазасына кесілуі мүмкін. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Балиде екі отандасымыздың ұсталғаны жөнінде ресми мәлімдеме жасады. Олар есірткі айналымына қатысы бар деген күдікке ілінген.Dalanews.kz тілшісі Индонезия заңына шолу жасап, экс-дипломаттың ойын білді. 

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қазақстан азаматтары сәуір айында ұсталып, олардан 49 граммға жуық метамфетамин тәркіленген. Күдіктілерге есірткі затын таратты деген айып тағылып отыр.

Министрлік бұл оқиға бойынша түсініктеме беріп, қазіргі уақытта Индонезияның құзырлы органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын хабарлады.

«Қазіргі таңда аталған азаматтарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Өзге ақпарат жариялауға жатпайды. Қазақстанның Джакартадағы елшілігі тергеу органдарымен және күдіктілердің туыстарымен тұрақты байланыс орнатып отыр. Бұл мәселе еліміздің дипломаттарының ерекше бақылауында», – делінген СІМ таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар, Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев 26 маусым күнгі баспасөз брифингі кезінде Қазақстан мен Индонезия арасында тұтқын алмасу бойынша келісім жоғын айтты.

Оның айтуынша, Қазақстан жағы мұндай құжатқа 2014 жылдан бері қол қоюды ұсынып келеді және жуырдағы ұстауға дейін бұған қажеттілік туындамаған.

“Мәселені Индонезия жағы шешіп жатыр. Тергеу жүріп жатыр. Олар қандай да бір шешімге келгенде сәйкесінше біз де одан хабардар боламыз. Біз қол қусырып отырған жоқпыз. Елшілік жұмыс істеп жатыр” деді министрдің орынбасары.

Экс-дипломаттың ойы

Бұл жайтқа қатысты ғалым, тәжірибелі экс-дипломат Мұрсал-Нәби Тұяқбаев пікір білдірді. 

"Есірткімен екі қазақ Индонезияда ұсталғаны жайлы қауесет тарады. Рас болса, жағдай өте мүшкіл. Шетелдік пе, басқа ма, қарамайды. Қатал. Тек өлімге жібереді. Есірткімен айналысатын есуас, ақымақтардың құлақтарына алтын сырға. Дипқызметпен жүргенімде Аустралия Үкіметінің ПМ араласып, азаматын (30-дан асқан) өлімінен алып қала алмады. Франция қанша араласса да, француз кемпірдің жаны жаханнамға жіберілді", - дейді Тұяқбаев.

Индонезиядағы есірткі туралы заң әлемдегі ең қатал заңдардың бірі саналады

Бұл мемлекет есірткі тасымалдау, сақтау немесе тарату секілді әрекеттерге ешбір жағдайда кешірім бермейді. Мұнда есірткімен байланысты қылмыстарға қатысты заң талабы бір ғана қағидаға бағынады: есірткінің мөлшері 5 грамнан асса, бұл автоматты түрде өлім жазасына әкеп соғады. Индонезия үкіметі бұндай ауыр шараны қоғамды есірткіден қорғаудың бірден-бір тиімді амалы деп санайды. Өлім жазасының орындалу тәсілі де адамға үрей туғызардай – сотталғанды арнайы жасақтың қатысуымен атып жазалайды.

Бұл елдің қатаң заңынан бейхабар немесе бұл заңның тек сөз жүзінде ғана қолданылатынына сенетіндер қатты қателеседі. Индонезиядағы түрмелерде қазірдің өзінде есірткі қылмысына қатысты жүздеген адам өлім жазасын күтіп отыр, олардың арасында өзге елдің азаматтары да көп. Өкініштісі сол, шетелдік азаматтарға да ешбір жеңілдік қарастырылмайды, керісінше, оларды басқаларға сабақ ретінде көрсетуге тырысады. Осыған дейін дипломатиялық жолмен өз азаматтарын аман алып қалмақ болған Аустралия мен Францияның әрекеттері нәтижесіз аяқталды. Бірде Аустралияның премьер-министрі тікелей араласып, дипломатиялық деңгейде ауқымды келіссөз жүргізгенімен, 30-дан асқан өз азаматын өлімнен құтқара алмады. Франция үкіметі де өз азаматшасы – жасы егде тартқан әйелді ажалдан арашалауға қаншама күш салғанымен, нәтиже бермей, әйелдің өмірі өліммен аяқталды.

Индонезиядағы құқық қорғау органдары үшін есірткіге байланысты қылмыс жасаған адамның азаматтығы, әлеуметтік мәртебесі немесе беделі ешбір маңызға ие емес. Елде соңғы рет өлім жазасы 2016 жылы орындалғанымен, содан бері жүздеген адам өлім жазасы үкімімен өмір сүріп келеді. Жазаның орындалуы тоқтағанымен, үкімнің күші еш жойылған емес. Бұл – кез келген уақытта жазаның қайта орындала бастауы мүмкін екенін білдіреді. Индонезия билігі қоғамға «заңның аты – заң, одан аттағанның тағдыры біреу» деген ұстанымын барынша ашық көрсетіп отыр.

Бұл мәселеде шетел азаматтарының жазадан аман қалуы өте сирек құбылыс. Бұған дейінгі тәжірибелер көрсеткендей, Индонезия үкіметі дипломатиялық қысымдарға қарамастан, өз ұстанымынан бас тартқан емес. Сондықтан соңғы уақытта екі қазақстандықтың есірткімен ұсталғаны туралы тараған ақпарат, рас болса, олардың жағдайы аса қиын. Өйткені есірткі мөлшері белгіленген шектен асып кетсе, сот үкімі де анық – өлім жазасы. Қазақстанның дипломатиялық араласуы да бұл азаматтардың тағдырын өзгертеді деп кепілдік бере алмайды. Бұған дейінгі Франция мен Аустралия сияқты дамыған, ықпалды елдердің дипломатиялық күш-жігерінің өзі нәтиже бермегенін ескерсек, Қазақстанның жағдайды өзгерту ықтималдығы тым аз екені түсінікті.

Индонезия үкіметі өзге елдердің сынына, халықаралық ұйымдардың наразылығына да аса мән бере қоймайды. Олардың логикасы қарапайым әрі қатыгез: қоғамды есірткіден сақтаудың жалғыз жолы – қатаң жазаны тоқтаусыз қолдану. Бұл қатал ұстаным елдің есірткімен күрестегі саясатын аса агрессивті және үрей туғызатын деңгейге жеткізген. Осы заңдар арқылы Индонезия үкіметі қоғамды, әсіресе жас ұрпақты есірткіден қорғауға бекінген.

Туристер көп келетін танымал аймақтарда, әсіресе Бали аралында, бұл заңға селқос қарау немесе «мен шетел азаматымын, маған басқа заң қолданылады» деген қате пікірмен жүргендер үнемі ұсталып жатады. Бір сәттік ақымақтық пен аңғалдық адам тағдырын біржола өзгертіп, өлімге әкелуі мүмкін екенін бұл елдің тәжірибесі анық көрсетіп отыр. Индонезиядағы бұл заң ешқашан жұмсармайтынын және ешкімге аяушылық танытпайтынын естен шығармаған жөн. Мұнда заңды бұзған адам үшін дипломатиялық қорғаныс та, халықаралық қысым да айтарлықтай қорған бола алмайды. Есірткіні ессіздікпен тасымалдаған адамның тағдыры тек жалғыз ғана жолға бағытталады – өлім жазасына.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар