Илон Маск «Азаттық радиосы» мен «Америка дауысы» басылымдарын жабуды ұсынды

Көркем Алдабергенова 10 ақп. 2025 09:20 1581

Илон Маск АҚШ қаржыландыратын «Азаттық радиосы» мен «Америка дауысы» (Голос Америки) радиостанцияларын жабуды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
9 ақпанда АҚШ-тың мемлекеттік басқарудың тиімділігі жөніндегі департаментінің (DOGE) басшысы Илон Маск АҚШ үкіметі қаржыландыратын «Азаттық радиосы» мен «Америка дауысы» радиостанцияларын жабуды ұсынды.
 
X (бұрынғы Twitter) желісінде Маск былай деп жазды:
«Иә, жабыңыздар. Оларды енді ешкім тыңдамайды. Бұл – тек өзара сөйлесіп, салық төлеушілердің ақшасынан жылына $1 млрд ысырап ететін радикалды солшылдар».
Осылайша, Маск АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Ричард Гренеллдің мәлімдемесін қолдады. Гренелл бұл радиостанцияларды «өткеннің сарқыншағы» деп атап, оларды салық төлеушілердің ақшасына қаржыландырылатын қажетсіз құрылымдар деп атады.
 
Бұған дейін, 5 ақпанда, Маск Associated Press пен Politico сияқты мемлекеттік қаржыландыру алатын БАҚ-тарды сынаған болатын. Ол мұндай «ысырапшыл шығындарды» тоқтатуға уәде берді.
«Азаттық радиосы» мен «Америка дауысы» (Голос Америки) – АҚШ үкіметі қаржыландыратын медиа корпорациялар, олардың қызметі ақпарат тарату және демократиялық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
 
Ресейде бұл ұйымдар шетелдік агент ретінде танылып, «Азаттық радиосы» тіпті қажетсіз ұйымдар тізіміне енгізілген.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар