Хуторлық Қасымбаевтың туысы деген сенатордың жақындарына тиесілі қандай компаниялар бар?

Көркем Алдабергенова 08 қар. 2024 11:00 3824

Күні кеше сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев пен хуторлық Хасан Қасымбаев туыс екені анықталды. Журналист Дмитрий Шишкин зерттеуінде Қасымбаев пен Жөргенбаевтың туыстық байланысы туралы не белгілі екенін анықтаған, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Дмитрий Шишкиннің сөзінше, ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, Жанболат Жөргенбаев пен Хасан Қасымбаев расында жақын туыс емес. Алайда сенатордың кәсіп саласындағы байланысы туралы қызық деректер шыққан.

Жөргенбаевтың бауырларының бірі - Бас прокурордың бұрынғы орынбасары Мұхтар Жөргенбаев Талғар ауданында олигарх Қайрат Боранбаевтың ағасымен бірлесіп кәсіп жүргізген. Ал тағы бір бауыры экс-министр Владимир Школьниктің ұлымен (2014-2016 жылдардағы энергетика министрі) іскерлік серіктес болған.  

Жөргенбаев пен Қасымбаевтың байланысы қандай? 

Сенатор Жанболат Жөргенбаев көпбалалы отбасынан шыққан, оның 7 аға-әпкесі бар. Кейбір деректерде Хасан Қасымбаев пен Жөргенбаевтың аналары әпкелі-сіңлі екені көрсетілген болатын. Алайда бұл ақпараттың шын болуы екіталай. Жанболат Жөргенбаевтың анасы марқұм Ханипа Чочаева Қазақстанға көшіп келген балқарлық әйел, сондықтан Хасан Қасымбаевтың анасы Гүлнар Нұрәкімовамен (Нұракенова) жақын туыс болмауы мүмкін. Мұны күні кеше Жанболат Жөргенбаевтың өзі де айтқан болатын. 

Жалпы Жөргенбаевтар мен Қасымбаевтар бір ауылдан - Алматы облысының Кеген ауданындағы Қарқара ауылынан шыққан. Олардың әлеуметтік желідегі байланысы да тексерілген. Мысалы Инстаграмда Хасан Қасымбаев сенатордың туысы Сәуле Жөргенбаеваға және інісі Ислам Чочаевқа жазылған. 

Сенатордың туыстары мен оларға тиесілі қандай активтер бар? 

Сенатор Жанболат Жөргенбаевтың ең танымал туысы - жоғары шенді шенеунік, 69 жастағы Мұхтар Жөргенбаев. Бір кездері ол Бас прокурордың (Қайрат Мәми) орынбасары, Астана қаласының және бірнеге облыстың прокуроры, сонымен қатар, Талғар ауданының прокуроры болған. 

Қазіргі таңда экс-шенеунік кәсіппен айналысып жүр. Оның атында Талғар ауданында орналасқан екі компания тіркелген. 2023 жылға дейін Мұхтар Жөргенбаев Талғат Боранбаевпен іскер болған.

Сенатордың тағы бір бауыры - 59 жастағы Марат Жөргенбаев. Ол Есік қаласындағы Bartogay Energy компаниясына экс-министр Владимир Школьниктің баласы Игорь Школьникпен иелік етеді. 

Марат Жөргенбаевтың ең табысты компаниясы - Atyrau Park House ЖШС болып саналады. Компания жылжымайтын мүлікті жалға берумен және сатумен айналысады. 2015 жылдан бері компания 171 миллион теңге салық төлеген. 

Ал сенатордың ұлы 34 жастағы Абзал Жөргенбаев та кәсіпкер. Ол екі компанияның құрылтайшысы. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар