Хромтау әкімінің сот ісі туралы тың ақпарат шықты

Көркем Алдабергенова 17 жел. 2025 09:27

Хромтау аудандық сотында Хромтау қаласының әкімі Сағындық Шабықбаев пен Нұрбек Казбекке қатысты қылмыстық іс қаралды. Әкімге пара алғаны үшін айып тағылса, Нұрбек Казбек парақорлыққа делдал болған және күш қолданамын деп қорқытып, ақша талап еткен деп танылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, биыл күзде жергілікті кәсіпкер Нұрбек Казбекке жүгініп, қала аумағын абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстардың актілерін жедел бекітуге көмектесуді сұраған. Аталған жұмыстардың жалпы құны 27 млн теңгені құраған.

Казбек кәсіпкерге бұл мәселені шешу үшін қала әкіміне 400 мың теңге көлемінде пара беру қажет екенін айтқан. Сонымен қатар ол өзіне қосымша 1,1 млн теңге талап етіп, қаржы бермеген жағдайда күш қолданамын деп қорқытқан.

Кәсіпкер ақшаны бірнеше бөліп төлеген: 400 мың, 200 мың және 100 мың теңге. Осыдан кейін Нұрбек Казбек пен Сағындық Шабықбаев ұсталып, екі айға қамауға алынды.

Сот барысында айыпталушылар кінәларын мойындап, жасаған әрекеттеріне өкініш білдіріп, жәбірленушіден кешірім сұраған. Сот олардың кәмелетке толмаған балалары барын, қылмыстың ашылуына ықпал еткенін және шын өкінгенін жеңілдететін мән-жайлар ретінде есепке алды.

Нәтижесінде Хромтау аудандық соты Сағындық Шабықбаев пен Нұрбек Казбекті кінәлі деп танып, әрқайсысына 12 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Сондай-ақ оларға мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды. Ал Нұрбек Казбекке қатысты «Қаражатты күш қолданып талап ету» бабы бойынша іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылды.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Сағындық Шабықбаев соңғы екі жыл бойы Хромтау қаласының әкімі қызметін атқарған. Ол бұл лауазымға өзін-өзі ұсынған кандидат ретінде сайлауда жеңіске жеткен еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар