Хиджаб пен қарғыс: министрліктің мәлімдемесін қоғам қалай қабылдады

Хиджаб пен қарғыс: министрліктің мәлімдемесін қоғам қалай қабылдады

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мектептегі хиджабқа қатысты мәлімдемесі әлеуметтік желіде үлкен дау туғызды. Жекеменшік мектептерді лицензиядан айыру жөніндегі ескертуге наразы болғандардың бірі Қазақстанға қарғыс айтса, енді бірі министрге қатысты ауыр пікір жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

8 қыркүйекте Үкіметтегі брифинг барысында министр Жұлдыз Сүлейменова мектеп формасына қойылатын талаптар мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарының барлығына ортақ екенін мәлімдеді.

"Бізде бірыңғай мектеп формасы бар. Барлық мектеп осы ережелер мен талаптарды сақтауы тиіс. Бұған дейін мұндай жағдайлар тіркелген, қазір олар бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті де қатысады. Әкімдіктер және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істейтін арнайы комиссия бар", – деді министр.

Оның айтуынша, өткен оқу жылында кейбір жекеменшік мектептерде оқушылардың хиджаб киюіне рұқсат беру деректері анықталған. Алайда жаңа оқу жылы басталғалы мұндай жағдай тіркелмеген.

Журналистер хиджабқа рұқсат берген жекеменшік мектептерге қандай шара қолданылатынын сұрады. Министр мұндай жағдайда мектептің лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін жеткізді.

"Лицензиялау мәселесі бар. Яғни лицензиясын қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылады. Бұдан бөлек те бірқатар тетік бар. Оларды тиісті органдармен бірлесіп пысықтаймыз", - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің сөзі әлеуметтік желіде екіұдай реакция тудырды. Кейбір қолданушылар барлық білім беру ұйымы зайырлылық қағидаты мен бірыңғай мектеп формасына қойылатын талапты сақтауы керек екенін жазды. Ал қарсы пікір білдіргендер орамал таққан оқушыны білім алу мүмкіндігінен шектеуге болмайтынын алға тартты.

Талқылау барысында шектен шыққан жазбалар да жарияланды. Threads желісіндегі қолданушылардың бірі министрдің әрекетін исламға қарсы шығумен теңестірді.

"Осы адамның және жақындарының жаназасын шығарған имамдар исламға қарсы шыққанмен тең!" – деп жазды carbon.ai8 есімді қолданушы.

Ал Қарағандыдағы Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының информатика пәні мұғалімі Жарқын Әбдікаримов Қазақстан мен оның халқына қарғыс тілеген.

"Қазақтарға, Қазақстанға Алланың мықты бір азабы керек болып тұр. Күшті бір экономикалық зардап шегетін, экономикасы құлдырап кететін. Иә, Алла, күйретші! Әмин", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Кейін Жарқын Әбдікаримов бұл жазбасын өшіріп тастады. Қарағандылық журналист Айсұлтан Жақып мұғаліммен кездесіп, мұндай пікірді не себепті жазғанын сұрады. Әбдікаримов сөзін ашуға беріліп айтқанын жеткізіп, Қазақстан халқынан кешірім сұрады.

"Ол жазба ашумен жазылды. Иманды болғаннан кейін бе, орамалға қатысты болған соң ба, ашумен сондай ақпарат кетіп қалды. Сондықтан қазақ елінен кешірім сұраймын. Қатты эмоцияға беріліп кеткеннен кейін жаздым. Әркімнің ашуы болады ғой. Сондай сәтте эмоциямды ұстай алмай қалған сияқтымын. Мен өз елімді жақсы көремін, патриотпын. Өз еліме ешқандай қарғыс тілемеймін, елімді жамандамаймын", – деді ол.