Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот жарыссөзі әлі де жалғасып жатыр. Бүгінгі сот жарыссөзінде Бишімбаевтың қорғаушылары сөйледі. Сотталушының адвокаты Лейла Рамазанова Бишімбаев 30 жылдағы жүйе үшін жауап беруге міндетті емес екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кеше Нүкеновтердің адвокаты Игорь Вранчев Бишімбаевты Ескі Қазақстанның өкілі деп түйреп өткен еді.
"Менің ойымша, бұл жерде бір ғана дұрыс шешім бар, ол - Бишімбаевқа ешқашан бостандыққа шығуға мүмкіндік бермей, оны кінәлі деп тану. Есесіне бүкіл халқымызды осындай паразиттерден құтқарасыздар, бізде отыз жылдан аса уақыт бұрын Тәуелсіздік орнады, бірақ ешқандай алға ілгерілеу жоқ. Қоғамның осы паразит бөлігі, қоғамның дерті қай кезде пайда болғанын және олар қалай министрлер мен ірі кәсіпкерлерге айналғанын білеміз. Біреуін отырғызу (түрмеге отырғызу - еск.) арқылы осы процесті қарайтындардың барлығына, Бишімбаев секілді басқаларға сабақ бересіздер", - деді ол.
Бүгін Бишімбаевтың адвокаты Рамазанова осы мәлімдемеге жауап берді.
"Кеше адвокат Вранчев Бишімбаевты халықтың 30 жылдағы қайғы-қасіретіне жауап ретінде құрбандыққа шалу керек деді. Қуандық неге бұл үшін жауап беруі керек? 30 жыл бұрын Қуандық нәбәрі онда ғана болған. Қуандық жазаланса, қоғамдағы мәселелердің бәрі шешімін тауып кете ме? Біз мұнда Қуандықты емес, заңды қорғап тұрмыз. Қуандықтың орнында кез келген адам болуы мүмкін, - дейді Лейла Рамазанова.
Сонымен қатар, адвокат сөзін Абайдың үшінші қара сөзімен түйіндеді.
"Елдегі жақсы адамдардың бәрінің үстінен бекер, өтірік "шапты, талады" деген әртүрлі уголовный іс көрсетіп, арыз береді. Оған дознание - тергеу шығарады. Өтірік көрмегенін көрдім деуші куәлар да әлдеқашан дайындап қойылған, бағанағы жақсы адам сайлауға жарамасы үшін. Ол адам басын құтқармақ үшін жамандарға жалынса, оның да адамдығының кеткені, егер жалынбаса, тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсіп өткені", - деді ол.