ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Халық арна» телеарнасының жұмысына қатысты өткен онлайн брифинг барысында айтты.
ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, 2020 жылдың 3 қарашасында мүфтияттың төл арнасы «Халық арнаның» ашылғанын зор қуанышпен жеткіземін. Діни басқарманың төл арнасын ашу жыл басынан қолға алынып келе жатқан іс. Осы бағытта бірқатар жұмыс атқарылды. «Халық арнаның» мүфтияттың 30 жылдығы қарсаңында ашылуының өзіндік мәні бар. Қазір мүфтияттың медиа саласындағы әлеуеті жылдан-жылға жетіліп келеді. 30 жыл мерзім ішінде «Иман» журналы және «Мұнара» газеті оқырманға жол тартты. Бүгінде ҚМДБ қарасты 21 сайт жұмыс істейді. Бұдан бөлек, мүфтияттың жанынан ашылған «Хикмет» телерадиостудиясы бар. Діни, рухани бағыттағы аудио, видео өнімдерін жамағатқа он жылдан бері ұсынып келеді, - деді ол.
Ершат Оңғаров «Халық арна» телеарнасының жеке ғимарат, материалдық-техникалық қажеттіліктермен жабдықталғанын атап өтті. Арна «Отау тв», «ID TV» цифрлық арнасы арқылы елдің түкпір-түкпіріне таратылады.
«Халық арна» тек діни мазмұндағы телебағдарламалармен шектелмейді. Біз эфир бағытын ислам дінінің дұрыс танымын жеткізу, асыл құндылықтарын дәріптеумен қатар, тарихи тағылымдық жағына, қазақы салт-дәстүрге басымдық береміз. Эфирді сапалы контентпен толтыру оңай емес екені мәлім. Сол үшін арнайы жобалар мен талғампаз көрерменнің ойынан шығатын бағдарламалар дайындалып жатыр, - деді ол.
Дереккөз: Baq.kz