Wildberries қоймасында қазақстандық кәсіпкердің 150 млн теңгелік тауары өртеніп кетіпті

Wildberries қоймасында қазақстандық кәсіпкердің 150 млн теңгелік тауары өртеніп кетіпті
Фото: instagram

Ресейдің Мәскеу облысындағы Коледино елді мекенінде орналасқан Wildberries қоймасында болған өрт салдарынан қазақстандық кәсіпкер Айдархан Қасымбектің тауарлары өртеніп кеткен, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кәсіпкердің айтуынша, қоймада сақталған өнімдерінің өзіндік құны шамамен 150 миллион теңге болған.

«Тауарлардың бәрі толықтай жанып кетті. Әрине, бұл оңай жағдай емес. Бұған дейін өртенген қоймаларда біздің өнімдеріміз аз мөлшерде болған еді. Негізгі тауарларымыз дәл осы Коледино қоймасында сақталатын. Дегенмен бәрі Алланың қалауымен болды деп қабылдаймыз. Бір ай бұрын дрон шабуылдары басталған кезде бұл қоймадағы тауарларымыздың құны шамамен 400 миллион теңгеге жеткен еді. Кейін олардың басым бөлігін жеңілдікпен сатып үлгердік», – деді кәсіпкер.

Айдархан Қасымбек инвесторлар алдында берешегі жоқ екенін де атап өтті. Оның сөзінше, серіктестері өз үлестеріне тиесілі тауарларды алдын ала сатып үлгерген.

Айта кетейік, 2026 жылдың шілде-тамыз айларында Ресейдегі ең ірі маркетплейстердің бірі Wildberries-тің бірнеше логистикалық орталығы мен қоймасы дрон шабуылдарына ұшырады. Алғашқы шабуылдар Мәскеу облысындағы Коледино мен Электростальдағы, сондай-ақ Тамбов облысындағы Котовск қаласындағы нысандарға жасалған.

Кейін мұндай оқиғалар Краснодар және Ставрополь өлкелеріндегі, Санкт-Петербург маңындағы, Ленинград облысы мен Қырымдағы логистикалық орталықтарда да тіркелді. Reuters және өзге де халықаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, соңғы апталарда Wildberries-тің ондаған қоймасы зақымданып, компанияның логистикалық инфрақұрылымының едәуір бөлігі уақытша жұмысын тоқтатқан.