ВТБ банкіне салынған санкция ел экономикасына қауіп төндіре ме? Жамаубаев жауап берді

Қаракөз Амантай 23 қаз. 2025 16:05

Еуропалық одақтың Ресейге қарсы кезекті санкциялар тізіміне “ВТБ (Қазақстан)” банкі де енді. Алайда бұл шешім Қазақстан экономикасына ешқандай қауіп төндірмейді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“ВТБ банкі елдің қаржы жүйесіне елеулі әсер етпейді. Сондықтан бұл жағдайдан қорқуға немесе алаңдауға негіз жоқ. Әзірге нақты ақпараттар талдану үстінде. Біз салымшылардың жағдайын, банк жүйесіне ықпалын жіті бақылап отырамыз", - деді ол сенат кулуарында өткен кездесуде.

Оның айтуынша, Ұлттық банк кез келген тәуекелді алдын ала бақылап, жүйелі түрде қадағалайды.

"Ең бастысы, банк клиенттері мен қарапайым халық зардап шекпеуі керек. Сонымен қатар бизнестің де мүддесін ескеруіміз қажет. Егер төлемдер мен ақша аударымдарына қатысты қиындықтар туындаса, көмек көрсетеміз", — деді Жамаубаев.

Сондай-ақ ол банктің тұрақтылығы депозиттерге ғана емес, меншікті капиталына да байланысты екенін айтты.

"Санкция мәселесі бүгін ғана пайда болған жоқ, үш жылдан бері бар. Сондықтан Қазақстандағы барлық банк пен компания үнемі бақылауда. Үкімет пен Ұлттық банк елде екіншілік санкциялар орын алмауы үшін жағдайды мұқият қадағалап отыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады", - деді Ерұлан Жамаубаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар