Мәжілісте мемлекеттік тіл мәселесі көтерілді. Депутат Қазыбек Иса ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселековаға қазақ тілінде қойылған сұрақтарға орыс тілінде жауап бергені үшін ескерту жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол Мәжілістің жалпы отырысында вице-министрдің Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі екенін ескеруі керектігін айтты. Депутаттың сөзінше, мемлекеттік тілде сұрақ қойған депутаттардың ешқайсысына қазақ тілінде жауап берілмеген. Тіпті Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякованың қазақша қойған сауалына да орыс тілінде жауап қайтарылған.
Қазыбек Иса келесі жолы парламентке мемлекеттік тілді меңгеріп келуге немесе министрліктен қазақ тілін білетін өкіл жіберуге шақырды.
"Әділет вице-министрінің мемлекеттік тілді білмеуі – әділетсіздік", – деді депутат.