Мәжіліс атқарушылық өндірісті жетілдіруге бағытталған заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құжат азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыруға және атқарушылық өндіріс рәсімдерін жетілдіруге бағытталған.
Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар алимент аударуға арналған арнайы шот енгізу туралы түзетуді қолдады. Бұл алимент қаражатына шектеу қоюға жол бермеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар айыппұлдар мен салық берешектері бойынша оңайлатылған өндіріс шегі 20 АЕК-тен 40 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Түзетулер аясында борышкерді тұрғын үйден шығару туралы кемінде 10 күн бұрын хабардар ету міндеті енгізілді. Бұл азаматтарға алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, баламен араласу тәртібіне қатысты істер бойынша тұлғаларды Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне автоматты енгізу алынып тасталады. Сондай ақ тараптар татуласу келісімін жасау үшін сотқа жүгінсе, атқарушылық өндіріс бір айға дейін тоқтатылуы мүмкін.