Қазақстандағы спорт федерацияларын басқарып отырған шенеуніктер кімдер?

Қазақстандағы спорт федерацияларын басқарып отырған шенеуніктер кімдер?
ЖИ: Dalanews.kz

Осы аптада Қазақстанның ақпарат кеңістігінде қызу талқыланған тақырыптардың бірі – спорт федерацияларындағы жоғары лауазымды шенеуніктердің қызметі болды. Әлеуметтік желілер мен бірқатар пабликтер республикалық спорт федерацияларының басшылық құрамында жүрген бірнеше мемлекеттік қызметкер қызметінен кетеді деген ақпарат таратқан, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мұндай әңгімеге президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңдар себеп болған, деп жазады "Дядя Ваня" телеграм арнасы. Желіде енді шенеуніктерге спорт федерациялары, қауымдастықтар мен басқа да қоғамдық спорт ұйымдарын басқаруға ресми түрде тыйым салынды деген мәлімет тарады.

Кейбір телеграм-арналарында бұл өзгерістердің басты мақсаты мүдделер қақтығысын азайтып, шенеуніктердің спортқа ықпалын төмендету екені айтылған.

Алайда «Дядя Ваня» авторлары заң мәтіндерін қарап шығып, онда спорт федерацияларындағы қызметке қатысты нақты тыйым жоғын мәлімдеді. Яғни, спорт ұйымдарының басшылық құрамында жүрген жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер әзірге қызметін жалғастыра береді.

Сонымен бірге мемлекет басшысы бұған дейін бірнеше рет спорт саласындағы кейбір шенеуніктерді сынға алған. Президент олардың спорттағы лауазымдарды жеке пиар мен бедел жинау құралы ретінде пайдаланатынын, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке тәуелді болып қалғанын айтқан.

Президенттің негізгі сындары:

– спорт федерацияларындағы қызметті жеке жарнама құралына айналдыру;

– спортты дамытуда тек мемлекеттік қаржыға арқа сүйеу;

– бұқаралық спорт пен инфрақұрылымды дамыту орнына федерациялардың ықпал жинау алаңына айналуы.

Қазіргі таңда Қазақстандағы спорт федерацияларын басқарып отырған жоғары лауазымды тұлғалар қатарында:

– Қазақстан волейбол федерациясы президенті Мәди Такиев;

– Қазақстан дзюдо федерациясы президенті Қуанышбек Есекеев;

– Қазақстан футбол федерациясы президенті Марат Омаров;

– Qazaq Aquatics президенті Нұрлан Жақыпов, вице-президенті Нұрлан Сауранбаев;

– Қазақстан қазіргі бессайыс федерациясы президенті Берік Имашев;

– Қазақстан велоспорт федерациясы вице-президенті әрі Қазақстан триатлон федерациясы президенті Ержан Біржанов;

– Қазақстан конькишілер ұлттық федерациясы президенті Ерлан Нысанбаев;

– Қазақстан спорттық ату федерациясы президенті Берік Асылов;

– Қазақстан бочча федерациясы президенті Мәулен Әшімбаев;

– Қазақстан альпинизм және құзға өрмелеу федерациясы президенті Нұрсұлтан Шоқанов;

– Қайық есу спорты федерациясы президенті Асламбек Мерғалиев;

– Қазақстан мәнерлеп сырғанау одағы президенті Ералы Бейбітұлы;

– Қазақстан ұлттық шаңғы қауымдастығы президенті Жеңіс Қасымбек.