Үйлер сөгіспен жылытылмайды - саясаткер Әміржан Қосан

Сағыныш Сардарова 01 қар. 2024 14:34 5419

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді. Облыс әкімі жылыту маусымына дайындықты тиісті деңгейде қадағаламағаны үшін сөгіс алды. Осы тұста Dalanews.kz белгілі саясаткер Әміржан Қосанның пікірін білді.

Мемлекеттік қызметкерлерге қолданылатын жазаның бірнеше түрі бар. Мәселен, сөгіс, қатаң сөгіс, қызметін толық атқармағаны үшін ескерту, лауазымын төмендету және жұмыстан босату.

Бөлекбаевқа берілген сөгіс басқа шенеуніктерге де ескерту болғаны түсінікті. Өйткені бұған дейін де Қазақстанда жылыту маусымына дайындық мәселесі ушығып тұрған еді. Риддер, Екібастұз тұрғындары күн суытқанда жылусыз қалғаны көптің есінде. Сарапшылар Сарандағы жағдайды билік енді әкімдерге тікелей ескерту жасауға көшті деп те түсіндіреді.

Ал саясаткер Әміржан Қосанның пікірінше, үйлер сөгіспен жылып кетпейді.

"Мәселе бір қалада жылу болмай қалуында емес. Мәселе елді басқару жүйесінің мүлдем ақсап жатқанында және ескі Қазақстан тұсында инфрақұрылым қараусыз қалуында деп санаймын. Мәселе Совет дәуірінде үстемдік еткен әкімшілік-әміршілік, яғни жоғарыдан келген пәрменмен қызмет жасауға дағдыланған жүйенің әлі де сақталуында. Бізде өзін-өзі басқару жүйесі толық қалыптаспаған, тиісті Заң әлі де толық пысықталмаған.

Дамыған елдің бір қаласында осындай оқыс  жағдай болса, ел президенті сөгіс бермейді емес пе? Үйлерді сөгіспен жылыта алмайсың! Ол үшін энергия мен қатар толыққанды демократия, өзін-өзі басқару жүйесінің орнығуы керек!" - дейді сарапшы бұл жағдай туралы.

Бұл мәселе біраз уақыт бұрын басталды. Саран халқы жылу жоғын айтып шағымданғаннан кейін сол кездегі қала әкімі Еркін Баулықов ел алдына шығып, кешірім де сұрады. Алайда Баулықовтың кешірімі Бектеновті "жібіте алмады".

Үкімет отырысында Сарандағы жағдай күр тәртібінен тыс, шұғыл қаралып, премьер-министр өңірдегі шенеуніктердің жұмысын ашық сынап, "Бұл - Саран қаласы әкімінің жеке жауапкершілігі және облыс әкімдігі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы", - деді.

Кейін қалаға энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жіберіліп, қатаң тексеріс жүргізілді.

Артынша облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаевқа қатаң сөгіс жариялады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза берілді.

Дегенмен кейін Саран әкімі Еркін Баулықов жұмыстан шығарылды. Ал бүгін Бөлекбаевтың өзі де сөгіс алғандар тізіміне енді.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай сөгісті су тасқыны кезінде міндеттерін жөнді атқармаған шенеуніктерге берді. Олардың қатарында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту,  Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс берілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар