Ұйғыр ауданында алғашқы Apricot Fest фестивалі өтті

Ақтоты Жапатова 12 мау. 2025 12:08

Алматы облысының Ұйғыр ауданында алғашқы өңірлік Apricot Fest өрік фестивалі өтті. Фестиваль өңірдің жазғы туризм күнтізбесіндегі жарқын оқиғаға айналып, фермерлер, қолөнершілер, өңдеу өнеркәсібі өкілдері, туристер мен инвесторларды бір алаңда тоғыстырды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Фестивальдің дәл осы ауданда өтуі заңды құбылыс. Ұйғыр ауданы бүгінде еліміздегі өрік өсірудің жетекші орталығы саналады. Аудандағы 4 095 гектар бақтың 3 100 гектарын өрік баулары алып жатыр. Жыл сайын мұнда 22 мың тоннаға дейін өнім жиналып, оның 4 мың тоннасы Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан нарығына экспортталады. Қалған бөлігі ішкі нарықта сұранысқа ие - өріктің бір келісі 250-300 теңге аралығында сатылады.

Фестивальдің ресми ашылуына облыс, аудан басшылығы, кәсіпкерлер мен қоғам өкілдері қатысты.

"Apricot Fest - экотуризм мен өңірлік экономиканы дамытудың тамаша мысалы. Бұл - табиғат пен мәдениетті, жергілікті өнім мен бірегейлікті тоғыстыратын алаң. Бастапқы кезеңінде-ақ жоба шетелдік кәсіпкерлердің қызығушылығын оятып отыр. Қырғызстан мен Өзбекстан компаниялары фестиваль аясында өнім жеткізу бойынша келісімдер жасады", - дейді Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғоджаев.

Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова өріктің өңір үшін ерекше символдық мәні бар екенін атап өтті.

"Өрік - бұл біздің ауданның тек ауыл шаруашылық өнімі ғана емес, экономикамыздың, мәдениетіміздің де белгісі. Біз Apricot Fest фестивалін жыл сайынғы дәстүрге айналдырып, өңірімізге туристер ағынын арттырғымыз келеді", - деді ол.

Фестиваль аясында түрлі гастрономиялық аймақтар, жергілікті өнімдер жәрмеңкесі, этно-шоулар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Биылғы фестивальде өрік баулары оқиғалық туризмнің жаңа нысандары ретінде де көрсетілді.

"Ауыл жанданды. Көптен күткен қозғалыс, жаңғыру басталды. Келушілер қызығушылықпен тамашалап, өнімнің дәмін көріп жатыр. Бізге дәл осындай шаралар қажет еді", - дейді жергілікті тұрғын Равиль Анадуллаев.

Алматы қаласынан келген қонақ Гүлжан Тоқтарханова да өз әсерімен бөлісті.

"Біз отбасымызбен келдік. Атмосфера өте жылы, алуан түрлі дәмдер мен қызықты бағдарламалар көп. Мұндай фестивальдер өңірдің бет-бейнесін қалыптастырады. Міндетті түрде тағы келеміз", — деді ол.

2024 жылы Алматы облысындағы туристік ағын 20%-ға артқан. Өңір шетелдік туристер саны бойынша ел бойынша үшінші орынға шықты. Туризм саласына 45 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылып, 20 жаңа жоба жүзеге асырылуда.

Туристер үшін бүгінде 40-тан астам табиғи нысан мен 57 туристік маршрут ашық. Олардың қатарында Шарын шатқалы, Көлсай және Қайыңды көлдері, ұлттық парктер, визит-орталықтар бар. Тек екі ұлттық парктің инфрақұрылымын дамытуға 2024 жылы 170 млн теңге бағытталған.

Алматы облысының тұсаукесерлері BBC, TripAdvisor, Қытай мен Оңтүстік Корея платформаларында белсенді түрде ілгерілетілуде. Өңір ірі халықаралық жобалар мен фестивальдерге алаң болып отыр — Tengri Ultra, Oceanman Kazakhstan, Қонаевтағы әуе шарлары фестивалі, «Ұлы дала жорығы» экспедициясы соның дәлелі.

Алматы облысының туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының айтуынша, 2026 жылданбастап Apricot Fest фестивалін сәуір айында, өрік баулары гүлденетін кезеңде өткізу жоспарланып отыр.

"Көктем - өңіріміздің ең әдемі кезеңі. Өрік гүлдегенде баулар көздің жауын алады. Біз сәуірдегі фестивальге туристер ағыны одан сайын көбейеді деп сенеміз", - деді ол.

Алғашқы Apricot Fest фестивалі тек өнім мерекесі ғана емес, жаңа туристік және инвестициялық бағыт қалыптастырудың бастауына айналды. Енді өрік - экспорттық өнім ғана емес, өңірдің символына, қонақжайлығы мен мүмкіндіктерінің көрсеткішіне айналуда.

Алматы облысы тұрақты туризм мен ауыл шаруашылығын дамытудағы зор әлеуетін дәлелдеп, ынтымақтастық пен өсудің жаңа көкжиектерін ашып келеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар