Оның айтуынша, 1, 2, 3-класстағы химиялық заттармен тек арнайы лицензиясы бар мамандардың дезинсекция жасауына болады. Ал үй жағдайында өз бетінше 4-санаттағы препараттармен жұмыс істеуге рұқсат етілген.
– Жалпы заласыздандыру жұмыстары міндетті түрде республикалық реестр тізімінде бар препараттармен жүргізіледі. Яғни, сол тізімде жоқ заттарды республика аймағында пайдалануға қатаң тыйым салынған. Реестр тізімі интернет желісінде бар, – деді Әсима Жарылғасова.
Айта кетейік, жуырда Ақтау қаласының екі тұрғыны химиялық уланудан қайтыс болды. Құзырлы органдар анықтағандай Ақтау қаласының тұрғыны «Квикфос» препаратымен (жәндіктерге қарсы препарат) көршілерін ескертпестен өз пәтерін дезинсекциялаған. Пәтерін залалсыздандырып болған соң, үйін кілттеп басқа шағынауданға кеткен. Кейін көршілерінің денсаулығы нашарлай бастаған. Салдарынан көрші әйел мен қызы көз жұмды.
Спикердің мәліметінше, өңірде жәндіктерді улау препараттарын үй жағдайында қолданып, салдарынан қайғылы оқиға орын алған фактілер 2017-2018-2019 жылдары тіркелген.
Осы бағытта жергілікті атқарушы органдар мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің мамандары тұрғындар арасында үнемі профилактикалық жұмыстарды жүргізіп отырады.
– Қаладағы барлық тұрғын үйлердің тазалығына жауапты мекемелерде заласыздандырумен айналысатын ұйымдардың тізімі бар. Мәселен, Ақтауда тазалау жұмыстарын жүргізуге рұқсаты бар 8 мекеме жұмыс істейді. Қала тұрғындары кез келген уақытта арнайы ұйымдардың қызметіне жүгіне алады. Егер үйде зарарсыздандыру жүргізілсе, тұрғындар міндетті түрде оны көршілеріне ескертіп, подъезге хабарландыру ілуі қажет. Бұл – улану жағдайларының алдын алады, – деді Әсима Жарылғасова.