Үй дауына қатысты жаңа ереже: енді борышкерге 10 күн бұрын ескерту беріледі

Қаракөз Амантай 29 сәу. 2026 12:45

Үйден шығару, алимент және қарыз дауларында сот шешімдерінің орындалуы жиі кешігіп жатады. Осы мәселені реттеу үшін Мәжіліс атқарушылық іс жүргізуді жетілдіруге арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат Наталья Дементьеваның айтуынша, жаңа құжат сот шешімдерін нақты әрі уақытында орындатуға бағытталған. Соның ішінде, үйден шығару кезінде борышкерге алдын ала 10 күн бұрын ескерту жіберу тәртібі қарастырылып отыр.

Заң жобасында тағы бір маңызды өзгеріс – өндірілген ақшаны аудару мерзімін нақтылау. Қазір мұндай талап жоқ, бұл әсіресе алимент алатын балалардың жағдайына кері әсер етіп отыр.

Сондай-ақ борышкерлер тізіміне азаматтарды негізсіз енгізу мәселесі де қайта қаралады. Енді бұл тізімге тек сот шешімін әдейі орындамаған адамдар ғана енгізіледі.

Бұдан бөлек, жалған мекенжай көрсетіп, жауапкершіліктен жалтарған компанияларға қатысты бақылау күшейтіледі. Ал борышкерлердің мүлкін сату кезінде электронды аукциондардың ашықтығы артып, қатысушыларға бағаны көтеруге қосымша уақыт беріледі.

Жалпы, ұсынылып отырған өзгерістер сот шешімдерінің орындалуын жеделдетіп, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove