Үш жылдық бюджет жобасында шамамен 51 трлн теңге шығыс қарастырылған

Көркем Алдабергенова 20 қар. 2025 12:23

Алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет жобасында жалпы шығыс көлемі 51 трлн теңгеге жуық болады. Бұл туралы сенат отырысында вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz Қазтагқа сілтеме жасап. 

Министрдің айтуынша, өңірлік бюджеттер теңгерімді түрде жасалған, барлық базалық қажеттіліктер ескерілген. Даму бюджетін қалыптастыруда республикалық мүмкіндіктер назарға алынған.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 2026 жылы 10,7 трлн теңге, 2027 жылы 12,1 трлн теңге, ал 2028 жылы 13,3 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Ал шығыстар сәйкесінше:
• 2026 жылы – 14,9 трлн теңге
• 2027 жылы – 17,3 трлн теңге
• 2028 жылы – 18,7 трлн теңге

Жұманғариннің сөзінше, жергілікті деңгейдегі ағымдағы шығындар инфляцияға индекстеу және мемлекеттік қызмет тұтынушылар санының болжамды өзгерісі негізінде есептелген.

Жалпы сипаттағы трансферттер көлемі белгіленгенде мақсатты трансферттердің негізгі бағыттары да назардан тыс қалмаған. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау, су үнемдеу технологияларын енгізу, жаңа нысандарды күтіп-ұстауға арналған шығыстар қосымша ескеріліп отыр.

Бұл мақсаттарға бөлінетін қаржы көлемі:
• 2026 жылы – 1,5 трлн теңге
• 2027 жылы – 1,6 трлн теңге
• 2028 жылы – 1,7 трлн теңге

Келесі жылы субвенция көлемі 5,2 трлн теңге, ал алынатын қаражат 879,9 млрд теңге көлемінде жоспарланған.

Министр 2028 жылы Павлодар облысы өзін өзі толығымен қамтамасыз ете алатын деңгейге жететінін, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор өңірге айналатынын айтты.

Оның мәлімдеуінше, үш жыл ішінде жергілікті бюджеттердің республикалық қаржыға тәуелділігі 50,7%-дан 33%-ға төмендейді.

Өңірлік стандарттар жүйесін енгізу және инфрақұрылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін даму бюджетінің көлемі жыл сайын ұлғаяды:
• 2026 жылы – 1,8 трлн теңге
• 2027 жылы – 3,2 трлн теңге
• 2028 жылы – 4,1 трлн теңге

Үш жылда бұл бағытқа барлығы 9,1 трлн теңге бөлінеді. Осы қаражат есебінен өңірлік стандарттар жүйесін қамтамасыз ету деңгейі 69,2%-ға жетеді.

Министрдің айтуынша, 2026 жылы қаржы негізінен басталған жобаларды аяқтауға жұмсалса, кейінгі жылдары жаңа бастамаларды жүзеге асыруға бағытталады.

Сөз соңында Жұманғарин қаралып жатқан заң жобасы өңірлердің қаржылық дербестігін арттыруға, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін теңестіруге және инфрақұрылымдағы айырмашылықтарды азайтуға бағытталғанын атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар