Үржардағы жол апатынан кейін жүргізуші адамдарды танымай қалды

Қаракөз Амантай 22 там. 2025 09:56

Абай облысы Бестерек ауылында балаларды қағып кеткен көліктің тізгінінде болған азаматтың ұлы әкесінің жағдайы жайлы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, апаттан кейін әкесі адамдарды танымайтын күйге түскен.

Белгілі болғандай, 55 жастағы ауыл тұрғыны жиырма жылдан астам уақыт автобус жүргізушісі болып еңбек еткен. Қайғылы оқиға болған күні ер адамға жүрек талмасы соққан, соның салдарынан ол рөлді басқара алмай қалған. 

“Әкемнің денсаулығы өте ауыр. Соған қарамастан ол қамауда отыр. Ұстама соққаннан кейін ол ешкімді танымай қалды. Сол сәтте қасында анам болған. Бәрі әп-сәтте орын алды. Бұл – үлкен қасірет. Қаза тапқан балалардың отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Кешірім сұраймыз”, – деді жүргізушінің ұлы Ерканат Серікұлы “7 арнаға” берген сұхбатында.

Еске салсақ, биыл 19 тамызда Бестерек ауылында үй маңында ойнап жүрген балаларды көлік қағып кетті. Оқиға салдарынан 2 жастан 7 жасқа дейінгі үш бала қаза тауып, тағы үшеуі жарақат алды. Қайғылы жағдайдан қаза болғандардың екеуі бұл ауылға әжесі мен атасына қонаққа келген екен.

20 тамызда зардап шеккен екі бала санавиациямен Астанаға жеткізілді. Ал жағдайы ауыр болған тағы бір қыз облыстық ауруханада қалды.

Айта кетейік, күні кеше Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен балаларға барды.

Министр Астана қаласының №2 көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылған екі баланың жағдайымен жеке танысты.

Жарақаттық шок жағдайында, жіліншік, қол жарақаттарымен түскен зардап шеккен баланы тұрақтандыруға қол жеткізілді және бүгін ол реанимациядан кәдімгі палатаға ауыстырылады, деп хабарлады бөлімше дәрігерлері.

Ақмарал Әлназарова балалар ауруханасының емдеуші дәрігерлерімен әңгімелесті, оқиғадан кейінгі алғашқы сағаттан бастап шұғыл көмектің толық көлемін қамтамасыз еткен мультидисциплиналық бригадалардың үйлесімді жұмысын атап өтті.

Сапар барысында ведомство басшысы баланың анасымен кездесіп, тезірек қалпына келуін тілеп, шын жүректен қолдау білдірді.

«Біздің балаларымыздың денсаулығы мен өмірі басты басымдық болып табылады. Мемлекет оларды қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Мен кішкентай пациенттерді құтқаруға жедел қатысқан дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Балаларға тезірек сауығып кетуін, ал туыстарына - осы қиын уақытта күш пен шыдамдылық тілеймін», - деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Денсаулық сақтау министрлігі ЖКО-дан зардап шеккен балаларды емдеу процесін ерекше бақылауда ұстауды жалғастырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар