Семей қалалық ауруханасында Бестерек ауылында болған жол апатында ауыр жарақат алған 9 жастағы қыз бала көз жұмды. Ол осы уақытқа дейін ес-түссіз комада жатқан еді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Науқас қыздың жағдайы өте ауыр еді. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресті. Бар мүмкіндікті жасады. Алайда ол алған жарақаттары салдарынан есін жимастан қайтыс болды”, — деп мәлімдеді Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы.
Еске сала кетсек, 19 тамызда Абай облысының Үржар ауданында 55 жастағы жүргізуші үйдің қақпасы маңында ойнап жүрген алты баланы көлікпен қағып кеткен еді. Сол сәтте үшеуі — екі, бес және сегіз жастағы балалар оқиға орнында қаза тапты. Сондай-ақ 6-9 жас аралығындағы тағы үш бала жарақат алды.
Көлік жүргізушісі екі айға қамауға алынды. Оның туыстарының айтуынша, апатқа жүрек талмасы себеп болған.
Айта кетейік, бұған дейін Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккен екі бала ауруханадан шыққаны туралы мәлімдеген еді.
“Бүгінде екі баланың жағдайы жақсы. Тұрақты. Шағымдары жоқ”, — делінген мәлімдемеде.