Үржардағы жол апаты: жүргізушінің ұлы мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 21 там. 2025 14:35

Абай облысында балаларды қағып кеткен жүргізушінің ұлы кешірім сұрап, апаттың себебін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz «31 арнаға» сілтеп.

55 жастағы жүргізуші оқиға болған сәттен кейін бірден ұсталды. Оның 20 жылдық автобус жүргізу тәжірибесі бар екені белгілі болды. Отбасының айтуынша, апат кезінде ер адамға жүрек талмасы соққан, соның салдарынан ол рөлді басқара алмай қалған. Медициналық сараптама жүргізушінің мас күйде болмағанын, есірткі қолданбағанын растады.

«Талмадан кейін ол рөлді ұстап қала алмады. Қасындағы анамыз болған. Барлығы бір сәтте орын алды. Өте қайғылы жағдай. Біз көңіл айтты. Кешірім сұраймыз. Олар да (марқұмдардың туыстары – авт.) түсіністікпен қарады. Мұндай сынаққа енді ешбір отбасы тап болмасын дейміз. Ешкім мұндай қасіретті күтпейді», – деді күдіктінің ұлы Ерқанат Серіқұлы.

6 мен 9 жас аралығындағы үш бала ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Олар бас сүйек, аяқ-қол сынықтарымен және ішкі ағзаларының зақымдануымен түскен. Кейін екеуі санавиация арқылы Астанаға жіберілді, ал бір қыз бала аудандық ауруханада ауыр халде жатыр. Президенттің тапсырмасымен өңірге шұғыл түрде астаналық дәрігерлер жіберіліп, бірнеше ота жасалды.

«Әр ота шамамен екі сағатқа созылды. Бірінші операция ішкі ағзаларға жасалды, себебі бауыр мен ішектің жарақатынан ішкі қан кету болды. Екінші ота бас ми жарақатынан кейінгі ісінуге байланысты жасалды. Қыздың өміріне үлкен қауіп төніп тұр деуге болады. Себебі жарақаттары өте ауыр әрі күрделі», – деді нейрохирург Сапарбек Сейітбеков.

Полиция қылмыстық іс қозғап, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар