Бұл туралы 31-арна хабарлайды.
https://www.youtube.com/watch?v=RmB9ll3Ur8I
Кенеттен әкелерінен айырылып қалған марқұмның балалары қылмыскерлер ең ауыр жазаға тартылса дейді. Қазір Көксу ауданының үш бірдей тұрғындарын жерлеу рәсіміне дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
- Менің екі қарындасым, өзім бармын. Осы адамдарды атса екен деймін.
13 жастағы Жалын қаза болған Жарқынбек Долданның тұңғышы. Әкесі жоғалған сәттен бастап Жалын бірден есейе түскен. 9 жастағы Ділнәр мен 4 жастағы Іңкәрға өзі бас-көз болып жүр. Дәл осы қайғылы оқиғада қайтыс болған Мұқият марқұмның да артында бұғанасы қатпаған 3 бірдей баласы жетім, ал жары жесір қалды. Оның тұңғышы 10 жаста, Қымбат есімді қызы бесте, ал Нұрлаты небәрі 3-те екен. Балапандар телеарнаға өз ойларын айтуға асықты.
ДУЛАТ МҰҚИЯТҰЛЫ, Мұқият Зарылханның ұлы:
- Олар тозақта жаны қиналсын деп тілеймін.
ҚАЗЕЗ ТОҚА, Марқұмның туысы:
- Екеуінде 3 бала, біреуінде 2 бала. Сегіз бала қалды. Екі кәрі қалды. Кәрінің біреуі далаға кіріп шығады, біреуі мүлдем кіріп шыға алмайды, мүгедек болып қалған. Осы жөнінде әкімшілікке мүмкіндігінше көмек болса дейміз.
Марқұмдардың туыстары қанға қан, жанға жан деп ашынып отыр. Алайда елімізде өлім жазасы мүлдем қолданылмайды. Қазір жергілікті әкімдіктегілер де қолдан келгенше қол ұшын беріп, жәрдемдесуде.
ӘЛИЯ САДЫҚОВА, Көксу ауданы әкімінің орынбасары:
- Бір азаматымыздың төл-құжатын жасап жатырмыз. Қазір түстен кейін әкеп береміз. Төлқұжатын ауыстыруға берген екен. Ауыл тарапынан қандай көмек қажет болса, біз соның бәрін атқарып жатырмыз.
Жалпы қаза болған отбасының туыстары үш жігітті алдымен атқанын, артынша көмгендерін айтып отыр. Енді бар тілектері - іс әділ жүрсе дейді. Төсек тартып қалған 90-ға келген әже де ұлын өлтірген қылмыскерлер әділ жазасын алса дейді. Ертең қаза болған Көксу ауданының үш тұрғынын ет-жақындары жер қойынына тапсырады.