Қазақстанда алаяқтық колл-орталықтардың қызметін тоқтату барысында Оңтүстік Кореяның 14 азаматы ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
ҰҚК мәліметінше, күдіктілер 2026 жылғы 23 шілдеде ұсталған. Қазіргі уақытта Корея Республикасының құқық қорғау органдары оларды ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында телекоммуникациялық жүйелерді пайдалану арқылы алаяқтық жасаған деген күдікпен тергеп жатыр.
Тінту барысында күдіктілердің тұрғылықты жерлерінен заңсыз әрекеттерде пайдаланылған компьютерлік техника, ұялы телефондар мен ноутбуктер тәркіленген.
Ұсталғандар процестік іс-шараларды жүргізу және кейін Қазақстан аумағынан депортациялау үшін уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті алаяқтық колл-орталықтардың заңсыз қызметін анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын мәлімдеді.