Ұлттық жобаға халықаралық қаржы институттары 625 млрд теңге бөледі

Ұлттық жобаға халықаралық қаржы институттары 625 млрд теңге бөледі
pixabay.com

2026 жылы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға 625 млрд теңге көлемінде қарыздық қаржыландыру тартылады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2026 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын қаржыландыру көлемі 2025 жылмен салыстырғанда екі есеге ұлғайған.

Вице-министрдің сөзінше, ұлттық жобаны қаржыландыруға халықаралық қаржы институттары, қазақстандық банктер және «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі қатысады. Сонымен қатар жобаға жеке және шетелдік капитал тартылған.

Асан Дарбаевтың мәліметінше, 2026 жылға мақұлданған қарыздық қаржыландырудың жалпы көлемі 625 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыруға алты жетекші халықаралық қаржы институты қатысады.

Оның айтуынша, бұл тетік ұзақ мерзімді әрі құны төмен қаржы ресурстарын тартуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде коммуналдық қызметтердің өзіндік құнына түсетін жүктеме азайып, саланы жаңғырту жұмыстарының тиімділігі артады.