Қазақстан Ұлттық банкі 2026 жылдың басынан бері алтын қорын белсенді толықтыруды жалғастырып келеді. Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) соңғы деректеріне сәйкес, жыл басынан бері елдің алтын резерві 27,55 тоннаға ұлғайған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Осының нәтижесінде Қазақстан әлемдегі алтынды ең көп сатып алған орталық банктердің қатарына енді. Екінші тоқсанның қорытындысы бойынша ел алтын сатып алу көлемі жөнінен әлемдік үздік бестікке кірді.
Бұған дейін Дүниежүзілік алтын кеңесі мамыр айының қорытындысы бойынша Қазақстанның алтын қоры 20 тоннаға артқанын хабарлаған еді. Кейін маусым айында Ұлттық банк тағы шамамен 7 тонна алтын сатып алып, жалпы көрсеткішті 27,55 тоннаға жеткізді. Соның арқасында Қазақстан әлемдегі ең ірі алтын сатып алушы орталық банктердің бірі ретінде өз позициясын сақтап қалды.
Сарапшылардың айтуынша, орталық банктердің алтын сатып алуы халықаралық резервтерді әртараптандыруға, сыртқы экономикалық тәуекелдерден қорғануға және ұлттық қаржы жүйесінің тұрақтылығын күшейтуге бағытталған. Қазақстан да осы саясатты ұстанып, отандық өндірушілерден тазартылған алтынды сатып алу арқылы алтын-валюта резервін ұлғайтып келеді.
Сонымен қатар Дүниежүзілік алтын кеңесінің соңғы тоқсандық есебінде әлем бойынша орталық банктердің алтын сатып алу қарқыны біршама бәсеңдегені айтылған. Соған қарамастан Қазақстан алтын қорын ұлғайтуды жалғастырып отырған санаулы мемлекеттердің қатарында қалып отыр.