Ұлттық банк бірыңғай QR арқылы төлем комиссиясын түсіндірді

Ұлттық банк бірыңғай QR арқылы төлем комиссиясын түсіндірді
pixabay.com

Қазақстанда бірыңғай QR-код арқылы төлем қабылдаған кезде кәсіпкерлер үшін алынатын комиссия банк картасымен төлем жасау комиссиясынан жоғары болмауы тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұлттық банк мәліметінше, 19 шілдеден бастап елімізде кез келген банктің терминалы арқылы бірыңғай QR-кодпен төлем жасауға мүмкіндік беретін банкаралық мобильді төлем жүйесі іске қосылды. Жүйенің техникалық операторы – Ұлттық төлем корпорациясы.

Ұлттық банк сатып алушылар үшін QR арқылы төлем жасау тегін екенін атап өтті. Ал кәсіпкерлер енді бұрыннан орнатылған терминал арқылы кез келген банктің клиенттерінен QR-төлем қабылдай алады.

Егер сатып алушы мен сатушыға бір банк қызмет көрсетсе, комиссия мөлшерлемесін сол банк өзі белгілейді. Ал банкаралық төлем кезінде комиссияның 1 пайызы сатып алушының банкіне (interchange) беріледі, қалған бөлігі кәсіпкерге қызмет көрсететін банкке түседі.

Сонымен қатар Ұлттық төлем корпорациясы банктерден де, олардың клиенттерінен де телефон нөмірі арқылы жүзеге асатын банкаралық аударымдар үшін ешқандай комиссия алмайтыны айтылды.

Ұлттық банк банктер тарифтерді өздерінің инфрақұрылымдық шығындары мен терминалдарды ұстау шығындарын ескере отырып дербес белгілейтінін, алайда реттеуші олардың тарифтік саясатын бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ соңғы екі жылда халықаралық төлем жүйелерімен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп банкаралық комиссия мөлшерлемелері шамамен екі есеге төмендетілген.

Ұлттық банктің дерегінше, жаңа жүйе іске қосылған 17 шілдеден бері бірыңғай QR арқылы 1 миллионға жуық транзакция өңделген. Бұл қызметтің қазақстандықтар арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.