«Ұлттық рухани жаңғыру». Түркістанда жастарды дамытудың жаңа мүмкіндіктері туралы айтылды

Dalanews 01 қар. 2021 17:25 900

Түркістан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов өңірдің жұртшылығымен және мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен кездесті. Күн тәртібіндегі басты сұрақ «Ұлттық рухани жаңғыру» Ұлттық жобасының бағыттарын түсіндіру болды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесу барысында Болат Тлепов ұлттық жобаны тиімді іске асыру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттілігіне назар аударды.

– Жалпыадамзаттық құндылықтар мен әлемдік қоғамдастықты халқымыздың өзіндік және бірегей тілімен жаңа ұрпақтың бойына сіңіріп, жеткізу; мәдениеті және тарихымен байыту; шынайы өмірде қоғамның барлық салт-дәстүрлерін сақтай білу – бұл қоғамның жаңа ашық, сындарлы және прагматикалық санасының параметрлері, – деді Б.Тлепов.



Естеріңізге сала кетейік, жобаның мақсаты: ұлттық-мәдени бірегейлікті сақтау және мәдени өнімдердің сапасы мен алуан түрлілігін ынталандыру, арттыру, сондай-ақ жас ұрпақтың рухани адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру арқылы әрбір қазақстандықтың көркемдік-шығармашылық әлеуетін арттыру.

Жоба негізгі үш бағыттан тұрады, онда 7 міндет айқындалған:

- қазақстандық бірегейлік пен зияткерлік әлеуетті дамыту;

- мемлекеттік тілді дамыту үшін жағдай жасау;

- мәдениет саласындағы қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру;

- отандық мәдени өнімді танымал ету;

- жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді дамыту;

- NEET санатындағы жастардың әлеуметтенуі;

- жастарды қоғамдық пайдалы қызметке тарту.

Анықтама ретінде:

«Ұлттық рухани жаңғыру» Ұлттық жобасы үш негізгі бағыттан тұрады.

Бірінші бағыт «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту. Міндет – қазақстандық бірегейлік пен зияткерлік әлеуетті дамыту және мемлекеттік тілді дамыту үшін жағдай жасау. Бұл үшін  38 іс-шара мен 8 көрсеткіш айқындалды.

«Ел рухы» деп аталатын екінші бағыт: мәдениет саласындағы қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сапасын арттыру және отандық мәдени өнімді танымал ету бойынша міндеттерді қамтиды. «Ел рухы» бағытында 13 іс-шара мен 5 көрсеткіш белгіленген.

Үшінші бағыт «Тәуелсіздік ұрпақтары». Бұл жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашу, оларды қоғамдық пайдалы қызметке тарту. Бұл бағытта 8 нақты көрсеткішке қол жеткізу және 15 ауқымды жалпыұлттық іс-шара өткізу жоспарлануда; оның ішінде NEET санатындағы жастармен жұмысқа ерекше назар аударылатын болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар