Бүгін Бурабайда Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған жиында елдегі өзекті мәселелер талқыланып, қоғам өкілдері өз ұсыныстарын ортаға салады. Осы орайда белгілі заңгер Айгүл Орынбек Ұлттық құрылтайдың маңызы жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Заңгердің айтуынша, Ұлттық құрылтай билік пен халық арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
“Бұл – қоғам мен мемлекеттің өзара диалогын қалыптастыратын алаң. Мұнда халықтың пікірі тыңдалып, маңызды ұсыныстар талқылынады”, – дейді ол.
Оның пікірінше, құрылтайда көтерілуі мүмкін басты мәселелер мыналар:
• Әлеуметтік сала – мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы, әлеуметтік қорғау жүйесі, жұмыссыздық;
• Экономика – кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын қолдау;
• Құқық қорғау жүйесі – заң бұзушылықтардың алдын алу, полиция қызметін реформалау, адам құқықтарын сақтау;
• Білім және медицина – сапалы білім беру мен медициналық қызметтердің қолжетімділігі;
• Экология – қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану.
Орынбектің айтуынша, құрылтай ұсынған бастамалар қоғам үшін пайдалы болуы керек.
“Басты мақсат – халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған реформаларға жол ашу. Егер ұсыныстар нақты механизмдер арқылы жүзеге асса, олардың тиімділігі артады”, – дейді ол.
Заңгердің пікірінше, құрылтай шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ететін бірнеше тетік бар.
“Біріншісі — заңнамалық өзгерістер. Мұнда құрылтай ұсынған бастамалар заң жүзінде бекітіліп, жаңа заңдар қабылдануы мүмкін. Екіншісі — мемлекеттік бағдарламалар . Бұл жерде ұсыныстар негізінде жаңа әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар жасақталуы мүмкін”, — деп қосты ол.
Заңгер Қазақстандағы құқықтық реформалар туралы жиі сөз қозғайды. Оның пікірінше, Ұлттық құрылтай бұл бағытта нақты өзгерістерге бастама бола алады.
“Егер құрылтайда құқық қорғау жүйесінің ашықтығы, сот реформасы, азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері көтерілсе, бұл құқықтық жүйені жақсартуға ықпал етеді”, – дейді ол.
Заңгер Ұлттық құрылтай құқықтық салада келесі өзгерістерге жол ашуы мүмкін деп санайды:
• Құқық қорғау жүйесінің реформасы – полиция мен сот жүйесінің ашықтығын арттыру;
• Адам құқықтарын қорғау – заңдарды жетілдіру, құқық бұзушыларға қатаң жауапкершілік енгізу;
• Құқықтық сауатты арттыру – халықтың заңдық білімін көтеруге арналған бағдарламалар әзірлеу;
• Сот жүйесін реформалау – соттардың тәуелсіздігін күшейту, шешімдер қабылдау процесін ашық ету.
“Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – мемлекеттің басты міндеті. Ұлттық құрылтай осы мәселелерге ерекше назар аударуы керек”, – деп түйіндеді Айгүл Орынбек.
Айта кетейік, 14 наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады.
Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.
Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары:
2022 жылы – Ұлытауда;
2023 жылы – Түркістанда;
2024 жылы – Атырауда өтті.