Ұлттық құрылтай – қоғам талабы мен нақты өзгерістер алаңы - Аймағамбетов

Қаракөз Амантай 14 нау. 2025 11:35 237

Ұлттық құрылтай соңғы жылдары еліміздегі өзекті мәселелерді талқылап, оларды заңнамалық тұрғыда шешуге бағытталған маңызды алаңға айналды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, тиісті комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Оның айтуынша, құрылтай – билік пен қоғам арасындағы ашық диалог орнатып, нақты нәтижелерге жетуге мүмкіндік беретін механизм.
 
“Ұлттық құрылтай – бұл жай ғана пікір алмасу емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді анықтап, оларды заң жүзінде бекітуге және нақты іске асыруға бағытталған алаң. Бұл формат нақты нәтиже беріп отыр. Өткен жылы үшінші құрылтай қорытындысы бойынша 10 заң жобасы дайындалды, оның 9-ына Президент қол қойды”, – деді Аймағамбетов.
 
Қабылданған өзгерістер:
•Құмар ойын бизнесіне шектеу енгізілді, оның ішінде жарнамаға тыйым салу және борышкерлер мен мемлекеттік қызметкерлердің қатысуына шектеу қою қарастырылған.
•Тарихи ескерткіштер мен табиғи нысандарды вандализмнен қорғау шаралары күшейтілді.
•Ғалымдар, инженерлер, құрылысшылар мен аграршыларға құрметті атақ беру жүйесі кеңейтілді.
•Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы бекітілді.
•“Айбын” орденіне Сәғадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдері берілді.
•Барлық атау өзгерістері енді орталық органның мақұлдауымен ғана жүзеге асатын болды.
•Есірткі қылмысы үшін жаза қатаңдатылды, оның ішінде есірткі саудасын ұйымдастырушылар мен қолдаушыларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
 
Сонымен қатар, археология саласын реформалау бойынша жұмыстар жалғасуда. Қазір лицензиялаудың жаңа стандарттарын енгізу және заңсыз қазба жұмыстарына қарсы шараларды күшейту бағытында заң жобасы қаралуда.
 
Аймағамбетовтың айтуынша, Ұлттық құрылтай – Президенттің “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының бір бөлігі. Құрылтайда көтерілген ұсыныстар қоғамның нақты сұраныстарына негізделгендіктен, олар заңнамалық деңгейде жүзеге асырылып, нақты өзгерістерге әкелуде.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар