Қазақстан Ұлттық банкі 2024 жылы ақпанда Ұлттық қордан 609 млн доллар сатқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақпанның қорытындысы бойынша теңге бағамы 0,6%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 172 млн АҚШ долларынан 187 млн АҚШ долларға дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,9 млрд АҚШ долларды көрсетті.
"Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату ақпанда 609 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 16%-ын және күніне 29 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерде болды. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді. Бұл тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді", - деп хабарлады Ұлттық банк.
Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында ақпанда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 400 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 10%-ын құрады.
Ал наурыз айында Ұлттық банк 700-800 млн АҚШ долларына тең валюта сатуды жоспарлап отыр. Одан түскен қаржы республикалық бюджетке трансферт ретінде жұмсалады