Ұлттық банк азаматтарға ескерту жасады

Сағыныш Сардарова 17 ақп. 2026 10:30

Ұлттық банк банк карталары арқылы жасалатын жаңа алаяқтық схемасын ескертті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық банк мәліметінше, схема былай жүзеге асады:

  • Қаскөйлер ашық дереккөзден (фишинг сайттар мен қоғамдық орындардағы сауалнамалардан, әлеуметтік желілер мен маркетплейстен) алынған азаматтардың жеке дерегін  қолданып, қаржы ұйымдарының байланыс орталығына клиент атынан жүгінеді. Яғни олар банк картасы жоғалғанын айтып, жалған хабардың күшімен төлем картасы бұғатталуына себеп болады.
  • Кейін алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, өзін банктің немесе құқық қорғау органының қауіпсіздік қызметі өкілі деп таныстырады. Сөйтіп "картаны бұғаттан шығарамыз" немесе "қауіпсіз шотқа ақша аударамыз" деген желеумен азаматтың шотына қол жеткізуге мүмкіндік беретін SMS код, интернет банкингке арналған құпиясөз, CVV/CVC код секілді деректерді алуға тырысады.
  • Сондай-ақ, банкомат маңын торуылдап жүретін қаскөйлер де кездеседі, олар "картам бұғатталып қалды", "картамды зақымдап алдым" немесе "ақша алатын лимит таусылды" деген түрлі сылтаумен басқа бір адамның шотына ақша аударуға көмек сұрап, орнына ақшалай сыйақы уәде етеді. Мұндай аударымдар заңға қайшы әрекет саналып, дропперлік ретінде қабылдануы мүмкін. 

"Төлем картасы бұғатталған жағдайда картаның екінші бетінде немесе мобильді қосымшада көрсетілген нөмір арқылы банктің ресми колл орталығына хабарласқан дұрыс. Есіңізде болсын, қаржы ұйымдарының қызметкерлері SMS- абарламада көрсетілген кодты ешқашан сұрамайды және мобильді құрылғыны қашықтан басқаратын қосымшаларды орнатуды талап етпейді", - деп ескертті Ұлттық банк өкілдері.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove