Ұлт қауіпсіздігі мемлекеттік саясаттың басты міндеті - сарапшы

Сағыныш Сардарова 26 нау. 2024 18:21 3437

Белгілі саясаттанушы Дамир Белгібаев Мәскеудегі терактке қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшы әлеуметтік желідегі парақшасында терроризм бүгінде адамзатқа төніп тұрған басты қауіптің бірі екенін айтты.

"Себебі ол кез-келген жерде, кез - келген уақытта болуы мүмкін және оның құрбаны қарапайым халық.

Соңғы күндері әлем назары Мәскеуде. Ол жерде болған лаңкестікте қаза болғандар саны 130 - дан асып, жараланғандар саны 180- нен асып жығылды. Жазықсыз бүтіндей отбасы, қамсыз сәби де лаңкестік құрбаны болды. Жүргізіп отырған саясатына қарамастан, қарапайым халықтың қайғысын түсініп, бүкіл әлем бір сәт орыс халқымен бірге болды. Ешкім лаңкестікті жақтамайтыны белгілі, Қазақстанда қатаң айыптайтынын жеткізді", - деп жазды ол.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ сенаторы Стив Дэйнспен кездесуінде Ресейдегі кейінгі жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымын айтты. Президент халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселесіне баса мән беріп, қиын-қыстау шақта Қазақстан Ресеймен бірге екенін мәлімдеді.

"Ұлт қауіпсіздігі мемлекеттік саясаттың басты міндеті. Осы орайда ел Президенті бірден Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп құзырлы органдарға терроризммен күресу шараларын, оның алдын-алу әрекеттері жайлы бірқатар тапсырмалар беріп, халықаралық ұйымдармен де әріптестікті арттыру мәселесін талқылады.

Сонымен қатар, бүгінгі АҚШ сенаторы Стив Дэйнспен болған кездесу барысында да халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері жайлы сөз қозғап, Қазақстанның терроризмге қарсы шараға үнемі көмек қолын созып, біріге күш жұмылдыруға дайын екенін атап өткен", - деп жазды сарапшы бұл туралы.

Бұған дейін Мәскеу қаласының аудандық сотына Крокус-Экспо сауда ойын-сауық орталығында ауқымды террористік акт жасады деген күдіктілер әкелінген болатын. Кейінірек Басман аудандық соты террористер тобына қатысты алдын ала тергеу органдарының бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішін қарауға кірісті.

Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің алдын ала ақпараты бойынша террористердің атыс қаруын қолдануы мен сауда ойын-сауық орталығы өртенуінен 130-дан аса адам қаза тапқан, зардап шеккендердің саны 180 адамнан асады.

Сот бұған дейін ұсталған күдіктілерге 1 ай 28 тәулік мерзімге, яғни 2024 жылғы 22 мамырға дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар