Ұлытау облысы әкімінің орынбасары жол ережесін бұзып, жұрттың ашуын туғызды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға сәйкес, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары жөндеу жұмыстары енді ғана аяқталған, әлі толық қатпаған асфальт үстімен көлігімен емін-еркін жүріп өткен. Тұрғындар жолдың жабық екенін ескерту үшін арнайы белгілер қойылғанына қарамастан, шенеуніктің оларды елемей, жеке шаруасын шешуге асыққанын айтады.
Бейнежазбаны түсіріп, жариялаған қала тұрғыны Серік Дүйсенұлының айтуынша, әкім орынбасарының әрекеті жұмысшылардың еңбегіне деген құрметсіздік әрі тұрғындарға теріс үлгі болды.
Желі қолданушылары бұл жағдайды өткір сынға алды.
«Елдегі тәртіпті сақтауы тиіс шенділердің өзі осылай жасаса, қарапайым халықтан не күтеміз? Жұмысшылар күн-түн демей, жол сапасын жақсартуға барын салады. Ал әкімнің орынбасары оларды елемей, жаңа асфальттың үстімен көлік айдайды», – деп пікір қалдырды желі қолданушыларының бірі.
Жұртшылық өкілдері билік өкілдерінен халыққа үлгі боларлық әрекет күтетінін, алайда бұл жағдай керісінше сенімді шайқалтып, елдің көңілінде жағымсыз әсер қалдырғанын жеткізді.
Әзірге әкімдік тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ. Ал қоғам өкілдері шенеуніктің әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті шара қолданылуын талап етуде.