- Ақшалов Қайрат Аманбекұлы, 1975 жылы туған, сорғы қондырғыларының машинисі;
- Жақұбаев Ардақ Боранбайұлы, 1998 жылы туған, жерасты учаскесінің тау-кен шебері;
- Жұмадоллаев Бақытбек Нышанұлы, 1975 жылы туған, жерасты тау-кен жұмысшысы;
- Кенжебеков Орынбек Әмірханұлы, 1991 жылы туған, тиеу-жеткізу машинасының машинисі;
- Молдабеков Ғалымжан Есенбекұлы, 1978 жылы туған, шпур бұрғылаушының көмекшісі;
- Нұролдаев Олжас Жағалбайұлы, 1979 жылы туған, жерасты учаскесінің энергетигі;
- Рожков Константин Владимирович, 1992 жылы туған, жерасты тау-кен қазу жабдықтарының электр слесарі.
Ұлытаудағы кеніште қаза тапқан кеншілердің суреттері жарияланды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Қазақмыс» корпорациясы марқұмдардың суретін жариялап, тағы бір мәлімдеме жасады.
«Біз бұл жағдайды терең зерттеп, тиісті шара қабылдаймыз. Қазір құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Біз барынша қолдау көрсетеміз», - деп жазылған хабарламада.
Қаза тапқан кеншілердің тізімі:
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында шахта опырылып, жеті қызметкер қаза тапқанын хабарлаған едік.
Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясына қарасты "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Бүгін құтқарушылар жеті жұмысшының денесін тапты.
Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та үзілді. Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері және ТЖМ психологтары жұмылдырылды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
Бұл дерекке қатысты Полиция департаменті мәлімдеме жасады.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша іс қозғалды. Оқиға орнында Ұлытау облысының полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Жомарт" кеніші - Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.