Ұлы дала өсірген Ұлы даналардың ұрпағымыз

Dalanews 22 қар. 2018 10:00 1394

Соңғы жылдары көптеген бастамаларға «ҰЛЫ» сөзін қосып сөйлеуіміздің өзі, үлкен істердің алғышарты секілді. Елбасымыздың қасиеттілік пен қайсарлықты насихаттай отырып жазған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да өз алдына бір төбе болды.

Ұлан байтақ өлкенің өркениетін өрістетіп, тарихын ұлықтау кеудесінде «қазақ» деген рухы бар әрбіріміздің міндетіміз екенін тағы бір еске салды. Мұндағы нақтылап айтылған ойлар, «Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды» деген Дінмұхамед Қонаев атамыздың сөзін жалғап тұр.

Барлық уақытта да, тарихты білмей болашақты бағдарлау мүмкін емес. Кең байтақ даланың төрінде еркелеп өскен даналарымыздың дара жолын ұлықтау, тарихы терең халықтың тамыры кең жайылатынын дәлелдейді.

Ұлы даланың жеті қырын жіктей отырып, Тарихи сананы жаңғыртуда атқарылу керек істерді нақтылап көрсеткені әлем елдері алдындағы статусымыздың тағы да көтерілуіне себепші болып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы бір сөзінде: «Естеріңде болсын, тарихта қазақты ешкім ешуақытта жаулап алған жоқ. Жаулап алғысы келгендер ел ішіне іріткі салды» деп даналардың ұрпағы екенімізге дәлдеп айтқан еді. Расмен де, «Біздің арғы бергі тарихымызда біз ұялатын ешнәрсе жоқ».

Жалпы, Елбасының жолдаулары мен мақалалары ел тарихы мен болашағын үнемі ұштастырып отыратындығына куәміз. Тек ауызша айтылып, қағазға жазылып емес, «ҰЛЫ» істермен дәлелдеп отырады.

Ел басына күн туғанда «қасиетті өлкені қорғау ұрпақ алдындағы борышымыз» деп, етікпен қан кешкен батырларымызды ұлықтау, келешек алдында өз абыройымызды сақтау. Өйткені, «Бүгінгі күн – кешегі күннің шәкірті, ертеңгі күннің ұстазы». Тарихымызда бетімізге таңба болып басылатын емес, тасқа қашалатын оқиғаларымыз көп. Сол қасиеттіліктің отын өшірмей, өскелең ұрпақтың санасына «асылдың сынығы» екендігімізді жеткізе білсек, біздің ең үлкен жетістігіміз де сол.

Алуа Тұрсынхан, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 3 курс студенті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар