Ұлдана Мырзуанның анасы сотта көз жасын тыя алмады

Ұлдана Мырзуанның анасы сотта көз жасын тыя алмады
Қазақстан Жоғарғы Соты.

Астанада қаза болған фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында оның анасы Салима Омарова жауап беріп, оқиға болған күнді еске алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Салима Омарованың айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашада таңертең қызы шақыртуға бара жатқан жолда оған бейнеқоңырау арқылы хабарласқан. Ұлдана анасынан байланыстан ажырамауын сұрап, барған жеріне жеткенін ғана айтып үлгерген.

Кейін Салима Омароваға Әділет Зейналдың анасы бірнеше рет қоңырау шалып, «Ұлдананың үстіне қабырға құлады» деп хабарлаған. Бастапқыда анасы жағдайдың қаншалықты ауыр екенін түсінбеген.

Астанаға ұшып келген Салима Омарова бірден ауруханаға барған. Операциядан кейін оны ұзақ уақыт жансақтау бөліміне кіргізбеген. Кейін кіруге рұқсат берілгенде, анасы қызының түрін әрең танығанын айтты.

Сотта осы сәттерді еске алған кезде Салима Омарованың жағдайы нашарлап, көзіне жас келді. Осыған байланысты судья сот отырысында үзіліс жариялады.

Еске салайық, 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 8 қарашада шақырту кезінде ғимараттың қасбеті мен кондиционер бекітпесінің үстіне құлауынан ауыр жарақат алған. Ол 10 күн жансақтау бөлімінде жатып, кейін қайтыс болды.