Украина-Ресей келіссөзі: қазір не белгілі?

Сағыныш Сардарова 15 мам. 2025 16:50 745

Бүгін Ыстамбұлда 2022 жылғы наурыздан бастап Ресей мен Украина арасындағы алғашқы тікелей келіссөз жоспарланып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресейлік келіссөз тарапы 15 мамырда таңертең Ыстамбұлға жетті. Делегацияны Ресей Федерациясы президентінің көмекшісі Владимир Мединский бастап келді.

Дмитрий Песковтың сөзінше, Ресей делегациясы таңертеңнен бері Украина делегациясын күтіп отыр. Ал Владимир Зеленский Владимир Путинмен тікелей кездескісі келетінін тағы бір рет мәлімдеді.

Оған қоса Украина Ресей тарапымен келіссөзде тек бір тақырыпты талқылайтынын мәлімдеді: 30 күндік бітім.

Қазір Анкарада Зеленский мен Ердоғанның кездесуі өтіп жатыр. Ыстамбұлға АҚШ делегациясы да келді.

Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен Анкарада кездесу туралы келісім жасағанын айтқан еді. Егер Владимир Путин Түркия астанасына барудан бас тартып, Ыстамбұлды таңдаса, онда Зеленский мен Ердоған да сол жаққа баруға дайын екенін мәлімдеді.

"Біз Путинмен кездесу үшін барлығын жасаймыз. Атысты тоқтату туралы шешімді ол ғана қабылдай алады", – деді Украина басшысы.

БАҚ мәліметінше, Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да қатысады. Бұл туралы Дональд Трамп Сауд Арабиясындағы инвестициялық форумда айтты. АҚШ президенті келіссөздерден "өте жақсы нәтижелер" күтетінін де жеткізген еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар